Көкшетаудағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызмет аясын кеңейтуде

Көкшетаудағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызмет аясын кеңейтуде

Көкшетаудағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы облыс орталығындағы ең сұранысқа ие әлеуметтік нысандардың біріне айналды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың орталыққа сапары оның келушілері үшін нағыз мерекеге айналды.
Әкім орталыққа құр қол келмей, клуб мүшелерінің өтініші бойынша теннис үстелін және автокөлік сатып алуға арналған сертификатты сыйға тартты.

«Бүгінде орталығымызда 16 үйірме жұмыс істейді. Алдағы уақытта Көкшетауда ірі чемпионат өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан дайындала беріңіздер. Ал орталыққа сыйлық ретінде шағын автобус береміз, ол қатысушылардың қажеттілігі мен іс-шараларды ұйымдастыруға пайдаланылатын болады. Желтоқсан айында жалпы аумағы 11,5 мың шаршы метр болатын жаңа спорт кешенін ашамыз. Спорткомплекс ашылған соң, Сарыарқада чемпионат ұйымдастырып, арнайы ережелер әзірлеп, еліміздің барлық өңірлерінен командалар құрамыз», – деп бөлісті Марат Ахметжанов.

Бұл жерде көлік пен спорттық құрал-жабдықтар шынында да қажет: орталыққа келушілер саны жобаны жүзеге асыру кезінде күткеннен әлдеқайда көп. Қызметкерлердің айтуынша, бүгінде тіркелгендер саны 1400-ге жеткен. Егер бастапқыда бірінші қабат күніне 150 адам қабылдауға есептелсе, қазір мұнда күн сайын 400-ге дейін адам келеді. Соған қарамастан, әкімдік қолдауының арқасында орталық қарқынды дамып келеді. Ашылған кезде бар-жоғы бірнеше үйірме болса, бүгінде олардың саны жиырмаға жуықтап, әр бағыт үлкен сұранысқа ие.

«Мұнда әр күн – шабыт пен сергектікке толы. Мен осында күн сайын келемін, жол алыс болса да, келгенде шаршағаның басылып қалады. Мұнда әрдайым көңілді, ән айтады, билейді, күледі. Бұрын тек тойда ән айтатынбыз, ал қазір күн сайын осында ән саламын. Ешкім назардан тыс қалмайды, әркімге өзіне ұнайтын іс табылады», – дейді Қызыл Яр ауылының тұрғыны Омарбай Көшкенов.