Облыс әкімінің Шортанды ауданына жұмыс сапары: инфрақұрылымды дамыту және еңбек ардагерімен кездесу

Облыс әкімінің Шортанды ауданына жұмыс сапары: инфрақұрылымды дамыту және еңбек ардагерімен кездесу

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Шортанды ауданына барып, «Дамсинская» су қоймасындағы шлюз-қақпаларды қайта құру жұмыстарының барысымен танысты және ауданның ең егде тұрғыны, еңбек ардагері Георгий Тепляковты арнайы барып құттықтады.

Гидротехникалық нысанды қайта құру жұмыстарының мердігері – «Qazaq Union» ЖШС. Жобаның құны – 1 млрд теңге, қаражат «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қоры есебінен бөлінген.

Жоба аясында қолданыстағы жұмыс істемейтін шлюз-қақпаларды консервациялау, олардың типіне сәйкес жаңа нысандар салу, сондай-ақ су өткізу тесіктерінің қақпаларын толық ауыстыру, судың ағымын реттеуге арналған механикалық құрылғылар орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жаға бекіту, түп тереңдету, арнаны қамыстан және ағаш өсінділерінен тазарту шаралары қолға алынған. Жұмыс аумағының жалпы көлемі – 203,5 м², бөгеттің ұзындығы – 1000 метр.

Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жобаның жүзеге асырылуы ауданның елді мекендерін су тасқынынан қорғауға, тұрақты су қорын қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосады.

Сапар барысында аймақ басшысы 96 жастағы еңбек ардагері Георгий Константинович Тепляковқа барды. Ол ұзақ жылдар бойы ағаш өңдеу фабрикасында токарь, малшы, жүргізуші және механизатор болып еңбек еткен. 1989 жылдан бері зейнеткерлік демалыста.

Көпжылдық адал еңбегі үшін Георгий Константинович «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен және Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Облыс әкімі ардагерге өнегелі еңбегі мен өмірлік табандылығы үшін алғыс айтып, оған денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.