
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданының халқымен кездесті. Ашық форматта өткен диалог барысында әрбір тұрғын аймақ басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
Индустриялық және аграрлық бағыттарды ұштастырған Шортанды ауданы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту үшін зор әлеуетке ие. Биыл аграрлық секторда егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Егін жинау науқанының қорытындысы бойынша 339 мың тоннадан астам астық жиналды, бұл — аудан үшін рекордтық көрсеткіш.
«Мемлекет диқандардың сенімді тірегіне айналды. Зор қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несиелер берілді — бұл тұрақты өсім мен сенімді дамудың құралы. Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік қолдауды төрт есеге артық алды», — деді Марат Ахметжанов.
Аудан ұн мен кебек өндіру көлемі бойынша облыста төртінші орында, әрі бұл өнімнің ірі өндірушілерінің бірі болып табылады. Бұл — өнеркәсіп секторының тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыт.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі алты есеге жуық артты, бұл өңірдің жоғары әлеуетін көрсетеді. 2024 жылы жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, 215 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы жалпы сомасы 15,9 млрд теңге болатын 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, нәтижесінде 186 жұмыс орны құрылмақ.
Ірі жобалардың қатарында — Жолымбет алтын өндіру фабрикасын жаңғырту, үш кірпіш зауытының құрылысы (оның бірі іске қосылған). Сонымен қатар, Hopefull Grain корпорациясымен Тонкеріс станциясы маңында бидайды терең өңдеу және биоотын өндіру кешенін салу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру кезінде шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып, 1000-ға жуық жұмыс орны ашылады. Бұл бастама бидай өнімдерінің қосылған құнын арттырып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл «Жолымбет – Шортанды – Пригородное» бағыты бойынша ұзындығы 62 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды, сонымен қатар су өткізу құбыры орнатылды. Тоғыз елді мекеннің 8 шақырымдық көше-жол желісіне де орташа жөндеу жүргізілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 123,4 млн теңгеге коммуналдық қазандықтарға күрделі жөндеу жасалды. Сонымен қатар, ұзындығы 3,2 км жылу желілері мен Дамса ауылында блокты-модульді қазандық салынды.
Кездесу барысында тұрғындар жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, жылыту маусымына дайындық, туристік аймақтарды дамыту және абаттандыру мәселелерін көтерді. Іс-шара соңында азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.
Кездесудің қорытындысында облыс әкімі егін жинау науқанын табысты аяқтаған ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне алғыс хаттар табыс етті.