
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды, жемдік протеин өндіретін жаңа кәсіпорынды аралап, сондай-ақ тыл еңбеккері Шәрипа Құсайыновамен кездесті.
Новорыбинка ауылында өңір басшысы салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Нысан аяқталу сатысында тұр және бір апта ішінде алғашқы пациенттерді қабылдауды бастайды. Жаңа амбулатория аудан бойынша ең ірілерінің бірі саналады, ауысымына 45 адам қабылдауға есептелген. Мұнда тұрғындарға қызмет көрсетуге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған.
Бүгінде кадр мәселесі өзекті болып отыр — мекемеге дәрігер қажет. Облыс әкімі жауапты қызметтерге қысқа мерзім ішінде нысанды медициналық маманмен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты – халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Салынып жатқан барлық нысандардың түпкі мақсаты – адамдардың өмір сапасын арттыру», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ақкөл қаласында өңір басшысы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта кіреберіс бөлігіне кірпіш қалау, ішкі әрлеу, линолеум төсеу, қабырғаларды су эмульсиялы бояумен сырлау және санитарлық тораптарды кафельмен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жертөледе жылу торабы орнатылып жатыр. Облыс әкімі мердігерге құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.
Бір ай бұрын аудан орталығында «Агропротеин» ЖШС жемдік протеин өндіретін зауыт іске қосылған болатын. Марат Ахметжанов кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Инвестициялық жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және импорттық жемдік қоспаларға тәуелділікті азайтуға бағытталған. Өндірістің негізінде ірі қара, жылқы және басқа да жануарлардың терісін өңдеу жатыр. Өндірілетін жемдік протеин құс, балық, жылқы, қой және ірі қара малды азықтандыруға пайдаланылады. Заманауи жабдықтар мен инновациялық технологиялар жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұндай өнім мал шаруашылығында да, балық шаруашылығында да үлкен сұранысқа ие.
Қарттар айлығы аясында облыс әкімі Ақкөл қаласының 98 жастағы тұрғыны, тыл еңбеккері Шәрипа Құсайыноваға барды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Шәрипа апа егіс алқабында еңбек еткен, ал соғыстан кейін 20 жылдан астам уақыт бойы Алексеев аудандық арнайы шаруашылық бірлестігінің Кеңес бөлімшесінде сауыншы болып жұмыс істеген. Еңбегі үшін оған «үш мың сауын» атағы берілген. Сондай-ақ ол ауылдық және аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланып, кейін Алексеев элеваторында 20 жыл транспортер жұмысшысы қызметін атқарған.