
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақкөл ауданының Новорыбинка ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Ашық диалог форматында өткен кездесуде өңір басшысы облыстың даму барысы туралы айтып, тұрғындардың өзекті сұрақтарына жауап берді.
Ауданның басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл аудан диқандары 243 мың тоннадан астам астық жинады.
«Аграрлық секторға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде, соның ішінде жеңілдетілген несие беру арқылы. Биыл ақмолалық аграрийлер бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдауға ие болды. Атап айтқанда, Ақкөл ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне былтырғы 3,7 млрд теңгемен салыстырғанда екі есе көп – 6,9 млрд теңге бөлінді. Бүгінде орақ науқаны аяқталып, облыс соңғы жылдардағы ең жақсы нәтижелердің бірі – 7,6 млн тонна астық жинады. Биылғы астықтың сапасы да айтарлықтай жоғары. Бұл жетістікте Ақкөл ауданы еңбеккерлерінің үлесі зор», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударды. 2025 жылы ауданда жалпы құны 10,6 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 51 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың қатарында – сүт-тауарлы ферма құрылысы, ІҚМ терісін өңдеу және тыңайтқыш өндіру зауыттары, астық қоймасы мен астық өңдеу цехы бар.
Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде цифрлық технологиялар заманауи өмір салтының негізіне айналуда:
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру – біздің басты мақсатымыз. Ақкөл – цифрлық технологияларды енгізу басталған Қазақстандағы алғашқы қала. Алайда әзірге жоба күткен нәтижеге жете қойған жоқ, цифрландыру тұрғындардың өмір сапасына нақты әсер етуі тиіс», – деді облыс әкімі.
Осы мақсатта «Смарт Ақкөл» жобасын дамыту аясында жаңа жол картасы бекітілді. Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігімен бірлесіп, аудан орталығында жасанды интеллект технологияларын қолданатын бірқатар инновациялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар өңір басшысы Ақкөлдің курорттық қала мәртебесіне ие болуы қажеттігін атап өтті:
«Ауданды ерекшелендіретін – оның бірегей табиғаты, ландшафты және елордаға жақындығы. Туризмдік жобаларды іске асыруды жалғастырып, инвесторлар тарту және инфрақұрылымды дамыту қажет», – деп тапсырма берді Марат Ахметжанов.
Кездесу барысында тұрғындар үй құрылысы, кадр тапшылығы және жастарды ауылға тарту мәселелерін көтерді.
Аудан тұрғыны Николай Швец Новорыбинка ауылындағы жол жөндеу жұмыстары үшін облыс басшылығына алғысын білдірді:
«Бұл жол 50 жыл бойы жөнделмеген еді. Көліктер жиі бұзылатын. Енді біз жаңа, жақсы жолмен жүріп жатырмыз», – деді ол.
Іс-шара соңында ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, тұрғындармен жеке қабылдау өтті.