Сандықтау ауданы 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде

Сандықтау ауданы 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде

2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу және оларды азайту мақсатында Сандықтау ауданының әкімдігі су басу қаупі бар елді мекендерді инженерлік тұрғыдан қорғауға бағытталған кешенді жоспар әзірлеп, іске асыруда.

Бүгінгі таңда Балкашино ауылында Жабай өзенінің арнасын тазарту және тереңдету жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстар «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда. Қаржыландырудың жалпы көлемі 4,065 млрд теңгені құрайды.

Жабай өзенінде жүргізіліп жатқан түбін тереңдету жұмыстарының ұзындығы 5,2 шақырымды қамтиды. Жұмыстар алты учаскеде қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда жоспарланған көлемнің 92% орындалды. Жоба аясында 120 адам және 56 бірлік арнайы техника жұмылдырылған (оның ішінде (3 бульдозер, 24 экскаватор, 20 самосвал, 1 тиегіш, 6 жер қазатын құрылғы, 2 амфибия бар).

Су тасқыны салдарынан жолдардың шайылуын болдырмау және инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су өткізу құрылыстарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық маңызы бар Васильевка – Тучное автомобиль жолындағы су өткізу құрылғысына орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Сонымен қатар, Новоселовка ауылындағы су өткізу құрылысына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаның жалпы құны – 6,87 млн теңге құрайды.

Барлық жоспарланған жұмыстарды 2025 жылдың қазан айында толық аяқтау көзделіп отыр.