
Ақмола облысының Зеренді ауданында 400 бас ірі қара мал ұстауға арналған заманауи мал шаруашылығы кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде нысанның дайындық деңгейі шамамен 90 пайызды құрайды, ал пайдалануға беру 2025 жылдың қараша айына жоспарланған.
Кәсіпорынның мәліметінше, фермада тәулігіне шамамен 8 мың литр сүт өндіріледі. Өнім «Milk Project» ЖШС зауытына өңдеуге жіберіліп, сапалы шикізаттың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеді және өңірдегі сүт өндіру саласының дамуына ықпал етеді.
«Құрылысты өткен жылдың соңында бастадық. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, ал 1 қарашада төл үйі мен бұзаухананы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда шамамен 70 бас мал әкелінді, тағы 40 бас көршілес фермада тұр. Жақын күндері «Агрофирма Родина» ЖШС мен Солтүстік Қазақстан облысынан 200-ден астам мал жеткізіледі деп күтілуде. Толық мал басын жыл соңына дейін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз», – деді «Milk Project» ЖШС директоры Юрий Швец.
Оның айтуынша, төлдеу кезеңінің негізгі бөлігі желтоқсаннан наурыз айына дейінгі қыс-көктем мезгіліне жоспарланған. «Ферма 400 басқа есептелген, бірақ алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, қосымша 350 басқа арналған тағы бір қора және екі бұзаухана салуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта тәулігіне 8–8,5 мың литр сүт өндіреміз, ал кеңейгеннен кейін бұл көлем одан әрі ұлғаяды», – деді ол.
Ферманың техникалық жабдықталуына ерекше назар аударылған: қазақстандық жинақтамасы бар израильдік сауу залы еліміздің басқа да шаруашылықтарында тиімділігін дәлелдеген.
Ферма іске қосылған соң 25-тен 30-ға дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарды және көршілес аудандардың мамандарын тартуды жоспарлап отыр. Бұл ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттырып, өңірдің сүт өңдеу саласын дамытуға және ауыл экономикасын нығайтуға серпін береді.