
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ұлы Отан соғысының ардагері Арсений Андреевич Щудляктің өмірден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл білдірді.
«Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына орны толмас ауыр қазаның қайғысына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын. Ұлы Отан соғысының ардагері Арсений Андреевич Щудляк биыл наурыз айында 100 жасқа толған еді.
Оның жарқын бейнесі оны таныған әрбір адамның жүрегінде мәңгі сақталады. Өмір жолы – ерліктің, төзімділіктің және нағыз отаншылдықтың үлгісі. Ұлы Отан соғысының ардагері Арсений Андреевич Щудлякқа мәңгілік тағзым мен терең құрмет білдіреміз», – делінген көңіл айту мәтінінде.
Арсений Андреевич Щудляк 1925 жылдың 22 наурызында дүниеге келген. 1943 жылдың ақпан айында, 18 жасында әскер қатарына шақырылды. 127-ші атқыштар полкінде атқыш ретінде қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылдың наурызына дейін 18-ші мотоатқыштар бригадасында әскери қызметін жалғастырды.
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Ленин орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Әскерден кейін Арсений Андреевич Щучинск қаласында тұрды. Ол белсенді өмір сүріп, өнегелі ұрпақ тәрбиеледі және жерлестері арасында зор құрметке ие болды. Оның өмірі еңбекпен, мейіріммен және Отанға деген шексіз сүйіспеншілікпен өтті.