Ақмола облысының 120 ауыл шаруашылығы кәсіпорны инновациялық технологияларды енгізуде

Ақмола облысының 120 ауыл шаруашылығы кәсіпорны инновациялық технологияларды енгізуде

Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және саланы цифрландыру мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңес жұмысына өңірдің жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Марат Ахметжанов егін жинау науқанын табысты аяқтаған аграршыларға алғысын білдірді. Оның айтуынша, биыл облыс диқандары тарихи көрсеткішке қол жеткізді — 7,5 миллион тонна астық жиналды.

«Биылғы өнім соңғы жылдардағы орташа көрсеткіштерден асып түсті. Бұл зор нәтиже өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Сіздердің еңбектеріңіз тек Ақмола облысының ғана емес, бүкіл елдің азық-түлік тұрақтылығының негізіне айналды», — деп атап өтті өңір басшысы.

Жиынның негізгі тақырыбы — аграрлық саланы цифрландыру болды. Мемлекет басшысы Ақмола облысына сапары барысында агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект технологияларын енгізу ісіне жоғары баға бергені атап өтілді.

«Біздің алдымызда тұрған жаңа міндет — заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі қарқынды дамыту. Бұл жай ғана үрдіс емес, уақыт талабы. Процестерді цифрландыру, дәл егіншілік, автоматтандыру — мұның бәрі тиімділікті арттырып, шығындарды азайтып, отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді», — деді Марат Ахметжанов.

Бүгінде өңірде 120-дан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны өндірісте инновациялық шешімдерді сәтті қолдануда. Отырыс барысында «Дихан Плюс» және «Журавлевка-1» ЖШС тәжірибелік жобалары таныстырылып, ауыл шаруашылығын цифрландырудың оң нәтижелері көрсетілді.

Сондай-ақ, «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр мен «Ижевский» өндірістік кооперативінің бас директоры Тимур Жангуразов агросекторға заманауи технологияларды кешенді түрде енгізудің маңыздылығын атап өтіп, өз ұсыныстарымен бөлісті.