Республика күні қарсаңында Ақмола облысының орман шаруашылықтары 85 бірлік жаңа арнайы техника алды

Республика күні қарсаңында Ақмола облысының орман шаруашылықтары 85 бірлік жаңа арнайы техника алды

Республикa күні қарсаңында және Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Ақмола облысының 13 орман шаруашылығы мекемелері жаңа арнайы техника алды. Материалдық-техникалық базаны жаңарту аясында жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын 85 бірлік өртке қарсы техника, соның ішінде 24 өрт сөндіру көлігі, 31 шағын орман патрульдік кешені және 30 трактор сатып алынды.

Жаңа техника өртті сөндіруге, өртке қарсы жыртылу жұмыстарын жүргізуге және алдын алу іс-шараларын орындауға қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орман шаруашылығы қызметкерлеріне көліктердің кілттері мен мемлекеттік наградаларды табыстады.

«Біздің облысымыз өзінің қайталанбас табиғаты және жануарлар дүниесімен бай. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келе жатқан халқымыздың баға жетпес қазынасы. Сіздердің әрқайсыңыз өз ісінің шеберісіздер, табиғат пен адамдар алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Табиғатты қорғау саласын сақтау және дамыту мақсатында орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда. Соңғы жылдары ауа райының күрделі болуына қарамастан, біз өрттерді ерте кезеңде дер кезінде жойып, ірі өрттердің алдын алып келеміз», – деді өңір басшысы.

Іс-шара барысында саланың дамуына елеулі үлес қосқан 10 қызметкер «Еңбек сіңірген орман өсіруші» және «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Кенес орман шаруашылығы мекемесінің директоры Жанат Қожахметов жаңа техниканың кілтін және «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» II дәрежелі медалін алды. Табиғи байлықты сақтау – оның отбасының басты ісі: әкесі мен бауырлары да Отрадное орман шаруашылығында еңбек етеді. Отбасының жалпы еңбек өтілі 85 жылды құрайды.

«Соңғы жылдары мемлекет орман шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл бізге зор жігер береді. Жаңа техника өрт ошақтарын ерте анықтауға және жедел түрде оқшаулауға, сондай-ақ аумақтарды қарауға мүмкіндік береді», – деді Жанат Қожахметов.

Іс-шара барысында сондай-ақ орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің жұмысы көрсетілді. Бұл жүйе қазіргі уақытта бес орман шаруашылығы мекемесінде – Ақкөл, Бұқпа, Кеңес, Краснобор және Куйбышев орман шаруашылықтарында іске қосылған. Сонымен қатар қатысушыларға «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінің заманауи орман өрт сөндіру станциясының жұмысы таныстырылды.