Ерейментау қаласында Богембай батыр көшесінде абаттандыру жұмыстары аясында жаңа демалыс аймағы мен балалар ойын алаңы ашылды.
Бұл жоба аудан әкімдігінің және «QazNamys» ЖШС-нің қолдауымен екі жылдық жоспар аясында жүзеге асырылды. Жобаны іске асыруға аудандық бюджеттен 47 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Жұмыстар барысында асфальт төселіп, жиектастар мен бордюрлер орнатылды, резеңке жамылғысы бар балалар және спорт алаңдары салынды. Сондай-ақ заманауи ойын және спорт элементтері, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарықтандыру жүйесі орнатылып, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысына жағдай жасалды.
«Бұл – абаттандырылған жалғыз аула емес. Өткен жылы екі көпқабатты үйдің аулаларында да осындай жұмыстар жүргізілген болатын. Биыл №97 үйдің ауласынан бөлек тағы 5 ауланы кешенді жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Көптеген аулалар 50–60 жылдан бері жөндеу көрмеген. Қалалық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді аудан әкімі Нұрлан Мұқатов.
Ашылу салтанатына жиналған тұрғындар жаңарған ауланы қуанышпен қарсы алды. Балалар жаңа әткеншектер мен сырғанақтарды бірден байқап көрсе, егде жастағы тұрғындар өздерінің жайлылығына көңіл бөлінгені үшін ризашылықтарын білдірді.
«Мұндай бастамаларды тек қолдау керек. Бізге балалар үшін қауіпсіз, заманауи және таза аулалар қажет. Ал ересектер үшін – тынығып, әңгімелесетін орындар болғаны жақсы. Осы жобаны жүзеге асырған барша жандарға алғыс айтамыз», – деді жергілікті көпбалалы ана Айгерім Сарсенқызы.