Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Егіндікөл ауданының тұрғындарымен кездесті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Егіндікөл ауданының тұрғындарымен кездесті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Егіндікөл ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Өз сөзінде Марат Ахметжанов өткен кездесуден бері ауданда өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бұрын аудан үшін өзекті мәселелердің бірі — халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. Бұл мәселе табысты шешімін тапты — бүгінде аудан толықтай орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтылған.

Егіндікөл ауданының негізгі даму бағыты – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде егіншілік саласы аудан экономикасының басты тірегі болып табылады. Биыл Ақмола облысында егін жинау науқаны соңғы он жылда болмаған жоғары нәтижемен өтуде. Бұл жетістікке егіндікөлдік шаруалар да өз үлестерін қосуда. Ауданда 448 мың тоннадан астам астық жиналады деп жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға көп. Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық технологиялар енгізілуде.

Ауданда көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Өткен жылы жаңа автобус бағыты ашылып, аялдамалар мен бағдаршамдар орнатылды. Сондай-ақ ұзындығы 19 шақырым болатын автожолдарды жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ұзынкөл ауылындағы барлық көшелер толықтай асфальтталды.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Аудан орталығы Егіндіколде 32 пәтерлі тоғыз үйдің құрылысы аяқталды. «Отбасы банк» арқылы сегіз екі пәтерлі үйді бөлу жұмыстары жүріп жатыр, ал инженерлік желілері мен абаттандыруы бар 16 пәтерлі үйді пайдалануға беру кезеңі басталды. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жаңа тұрғын үйлерді аралап көрді.

Сумен жабдықтау саласында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы ұзындығы 68,7 шақырым болатын тозығы жеткен су құбыры учаскесін қайта жаңарту аяқталды. Нәтижесінде Спиридоновка, Полтавское, Бауманское, Буревестник, Егіндікөл, Қоржынкөл, Ұзынкөл және Тоғанас ауылдарының 6 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылды.

2025 жылы Егіндікөл, Буревестник және Полтавское ауылдарында су тарату желілері мен үш су мұнарасын жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде Егіндікөл және Буревестник ауылдарындағы екі су мұнарасының жөндеуі аяқталды.

Жылумен қамтамасыз ету саласында аудан орталығында блок-модульді қазандық салынды, 2,6 км жылу магистралі жөнделіп, Егіндікөл қазандықтарындағы алты қазан ауыстырылды. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларында бірқатар әлеуметтік жобалар іске асырылуда.

«Ауданның барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері мемлекет назарында», — деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесу барысында тұрғындар интернет сапасы, білім беру саласындағы кадр тапшылығы және өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтар бойынша түсіндірмелер беріліп, тиісті ведомстволарға нақты тапсырмалар жүктелді. Кездесуден кейін аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдады.