
Атбасар қаласында жаңа асфальт зауытының салтанатты ашылуы өтті. Құны 1,6 млрд теңгені құрайтын бұл жоба өңірдің жол-құрылыс инфрақұрылымын дамытуға және жол жамылғысының сапасын арттыруға бағытталған.
Іс-шараға Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов пен облыстық мәслихат депутаты Ғалымхан Саханов қатысып, «ABB CONSTRUCTION» ЖШС кәсіпорнының өндірістік үдерісімен және техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Компания директоры Айк Бадалян қонақтарға сапа мен экологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін заманауи жабдықтарды таныстырды. Кәсіпорынның іске қосылуы аудан мен көршілес аумақтардың қажеттілігі үшін асфальт өндіруді тұрақты түрде қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Бұл кәсіпорынның ашылуы ауданымыздың дамуы үшін үлкен маңызға ие. Жаңа зауыт жол жөндеу жұмыстарының сапасын едәуір арттырып, өзге өңірлерден жеткізілетін материалдарға тәуелділікті азайтады. Бұл – Атбасар ауданының инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды қадамы», — деді Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов.
«Біздің мақсатымыз – өңірді сапалы жол құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету. Біз үшін жоғары деңгейдегі өнім өндірумен қатар, жергілікті экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосу да маңызды», — деп атап өтті «ABB CONSTRUCTION» ЖШС директоры Айк Бадалян.