
Марат Ахметжанов «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында акционерлік қоғамның қызметі бойынша жылдық есеп тыңдалды.
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша корпорация тұрақты даму серпінін сақтап, қаржылық тұрақтылығын нығайтты және қызмет ауқымын айтарлықтай кеңейтті.
ӘКК табысы 27%-ға, ал пайдасы 11%-ға артты. 2024–2025 жылдары корпорация 14,8 млрд теңгеден астам несиелерді өтеді. Салықтық түсімдер 450 млн теңгеден асты, бұл қаржылық қызметтің ашықтығы мен тиімділігінің жоғары деңгейін дәлелдейді.
Корпорацияның несие портфелі үш есеге жуық өсіп, 25 млрд теңгеден 67,5 млрд теңгеге жетті. Қаражат басым бағыттарды іске асыруға бағытталды. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 197 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі егіс және орақ жұмыстарына 46 млрд теңге көлемінде қолдау алды. Агроөнеркәсіптік жобаларға 18 млрд теңге бөлініп, жеті сүт-тауар фермасы, екі суару жүйесі және сыйымдылығы 8,5 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы салынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 400-ден астам қарыз алушы жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге қаржыландырылып, бұл ауыл кәсіпкерлігінің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті.
ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге белсенді қатысып келеді. Бұл мақсатта тұрақтандыру қоры, форвардтық қаржыландыру және жеңілдетілген несиелеу тетіктері қолданылып, жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеден асты.
Тұрғын үй қорын жаңғыртуға да ерекше назар аударылуда. Есепті кезеңде 21 ескі үй сүріліп, орнына жеті заманауи тұрғын үй салынып, шамамен 700 отбасы баспаналы болды. Ақмола облысында реновацияның алты жобасы жүзеге асырылып жатыр, ал келесі кезеңде он жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда.
Келесі жылы корпорация Қазақстан тұрғын үй компаниясымен бірлесіп жаңа тұрғын үй құрылысына қаржыландыру бағдарламасын іске қосуды жоспарлауда. Бағдарлама облыс аудандарында жұмыс істейтін азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіп, құрылыс саласының дамуына серпін береді. Негізгі шарттары: несие мөлшерлемесі – жылдық 3,1%, мерзімі – 10 жылға дейін, бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10%-ынан бастап.
«KOKSHE» ӘКК бүгінгі таңда бизнестің, әлеуметтік саланың және мемлекеттің мүдделерін тоғыстырған өңірлік экономикалық саясаттың негізгі құралы болып табылады. Корпорацияның жұмысы Ақмола облысының дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. 2026 жылы ӘКК өңірдің өркендеуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, алға жылжуды жалғастырады.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі корпорацияға оң қаржылық динамиканы сақтауды және бюджеттік әрі бюджеттен тыс қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуді; ішкі басқару және есептілік процестерінің ашықтығы мен цифрландыру деңгейін арттыруды; «Кең дала 2» бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысуды және 2026 жылы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын кеңірек қамтуды; тұрақтандыру қорының тауарлық қорларын ұлғайтуды тапсырды.