Маңғыстау облысының депутаттары Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді

Маңғыстау облысының депутаттары Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Маңғыстау облысынан келген депутаттар делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және әлеуметтік-экономикалық саладағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Өңір басшысы Ақмола облысының экономика мен әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары бойынша оң даму қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңір экономикасының тұрақтылығы мен дербестігін қамтамасыз ету үшін берік өнеркәсіптік база қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

«Бүгінгі басты мақсатымыз – елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды енгізу. Халықпен өзекті мәселелерді талқылап, оларды бірлесе шешу маңызды», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Әкім сондай-ақ Ақмола және Маңғыстау облыстары арасындағы өзара іс-қимылдың алдағы уақытта да сенім мен серіктестік қағидаттарына негізделіп, ортақ жобаларды іске асыруға және өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.

Айта кетсек, екі өңір арасында білім беру саласында тұрақты байланыс орнаған. Маңғыстау облысынан келген оқушылар мен студенттер Ақмола облысының оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар, жыл сайын батыс өңірінен мыңдаған бала мен отбасы Көкшетау және Бурабай курорттарындағы сауықтыру лагерьлерінде демалады.

Кездесу барысында Көкшетау - Ақтау әуе бағыты бойынша рейстер санын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Марат Ахметжанов әкімдік пен мәслихаттар арасындағы өзара тиімді серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде бірлескен жұмыстың тиімді моделі қалыптасқан. Мәслихат депутаттары бюджетті қалыптастыру, өңірлік бағдарламаларды іске асыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау сияқты негізгі шешімдерді талқылауға белсене қатысуда.

Сонымен қатар, бюджет саясатының ашықтығына ерекше мән берілуде. 2023 жылдан бастап облыста үш жылдық бюджеттердің ашық қорғалуы тәжірибесі енгізіліп, қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына бақылау күшейтілді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларында да маңызды бастамалар жүзеге асырылуда - ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлерге берілетін төлем 5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды; үш ауданда гемодиализ қызметіне қолжетімділік қамтамасыз етілді; бюджет саласы қызметкерлеріне коммуналдық қызметтер мен отын сатып алуға қаражат бөлінді.

Кездесу соңында Марат Ахметжанов Маңғыстау облысының делегациясына алғысын білдіріп, өңірлер арасындағы ынтымақтастық одан әрі дамып, жаңа жобалармен толығатынына сенім білдірді.

Сапар барысында Маңғыстау облысының депутаттары агроөнеркәсіп кешені, өндіріс саласы, білім беру және спорт мекемелері, сондай-ақ курорттық аймақтардағы бірқатар нысандарды аралап, «AQMOLA» индустриялық аймағының жұмысымен және Аршалы кентінде «Реновация» бағдарламасы аясында салынып жатқан 100 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.