Ақмола облысында ауқымды астық жинау науқанының қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Өңір диқандары 7,1 миллион тоннадан астам астық жинап, бұл егістік алқабының 94 пайызына тең нәтижені құрады.
Орташа өнімділік гектарына 16,1 центнерді, ал кейбір шаруашылықтарда 60 центнерге дейін жетті. Жиналған астықтың басым бөлігі жоғары сапалы.
Мемлекеттік қолдау шаралары мен жұмыстарды тиімді ұйымдастырудың арқасында облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
«Жинау науқанының қорытындысы бойынша 7,4 миллион тоннадан астам астық жинаймыз деп күтілуде. Бұл тек өңір тарихындағы емес, ел бойынша ең жоғары көрсеткіш болмақ. Жалпы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне шамамен 243 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Дала жұмыстарын уақытылы өткізу үшін жеңілдетілген несиелеумен 927 фермер қамтылып, жалпы сомасы 118 миллиард теңгені құрады. Бұл химиялық отау, шегірткеге және басқа да зиянкестерге қарсы өңдеу сияқты агротехникалық іс-шаралардың толық әрі сапалы орындалуына мүмкіндік берді. Минералды тыңайтқыш енгізу көлемі үш есеге артты. Өнімділіктің өсуіне машина-трактор паркін жаңарту және жеңілдетілген дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз ету де айтарлықтай әсер етті», - деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраков.
Биылғы жылы егіс алқабы 300 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 5,5 миллион гектарды құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде егіс құрылымын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда жоғары табысты майлы дақылдардың егіс көлемі 2,5 есеге өсіп, алғаш рет 500 мың гектарға жетті.
Жинау науқанына барлығы 7 мыңға жуық астық жинайтын комбайн, оның ішінде 4,8 мың заманауи жоғары өнімді техника, шамамен 2,7 мың орақ және 4,8 мың жүк көлігі тартылған.
Жаңа өнімді қабылдау және сақтау үшін жалпы 7,2 миллион тонна сыйымдылықтағы инфрақұрылым дайындалған. Оның ішінде 66 астық қабылдау кәсіпорны және 1,5 мың ауыл шаруашылығы құрылымдарының қоймалары бар. Бұдан бөлек, астық сақтау жеңдері мен кептіргіштер де пайдаланылады, бұл астық сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірде келесі жылғы егінге арналған тұқым дайындау жұмыстары толық аяқталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымын 1,2 триллион теңге деңгейінде қамтамасыз етіп, елдің аграрлық секторының көшбасшысы мәртебесін растамақ.