Көкшетауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті: 200 тоннадан астам фермерлік өнім ұсынылды

Көкшетауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті: 200 тоннадан астам фермерлік өнім ұсынылды

Бүгін Көкшетаудағы Абылай хан алаңы ашық аспан астындағы үлкен азық-түлік орталығына айналды. Мұнда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Шараға Ақмола облысының барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы өндірушілері қатысты.

Таңертеңнен бастап алаңда қызу сауда жүрді: 61 сауда павильонынан жаңа піскен нан, бал, шұжық және сүт өнімдерінің иісі аңқып тұрды. Барлығы 122 сауда орны ұйымдастырылды. Қала тұрғындары қыс маусымына ет, көкөніс және жарма сатып алуға асықты – бағалар нарықтық құннан 10–15% төмен болды.

Келушілер мұндай жәрмеңкелерде сапалы өнімді тікелей өндірушілерден сатып алуға әрі ауыл еңбеккерлерін қолдауға болатынын атап өтті.

Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер бағаны тұрақтандырумен қатар, отандық өндірушілерге де қолдау көрсетеді:

«Бүгін, орақ науқанының қорытындысы аясында, Көкшетау қаласы тұрғындары үшін азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға шамамен 122 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қатысуда. Сатып алушылар арасында ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Жәрмеңке таңғы сағат 7:00-де ашылды, қала тұрғындары белсенді түрде сауда жасап жатыр. Мұндай іс-шаралар бекітілген кесте бойынша алдағы уақытта да өткізілетін болады», – деді Нұрбек Бадыраков.

Жалпы ұсынылған өнім көлемі 210 тоннадан асты. Өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілері ет және шұжық өнімдерін, жаңа ауланған балықты, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдерін, ұн, көкөніс, картоп, өсімдік майы, бал, жарма және кондитерлік бұйымдарды – күнделікті қажет заттардан бастап, мерекелік дастарқанға арналған тағамдарға дейін ұсынды.

Сонымен қатар, жәрмеңкеде «НК СПК Kokshe» АҚ тұрақтандыру қорының өнімі де қойылды: сиыр еті, ұн, күнбағыс майы, қант, макарон өнімдері, күріш, тұз, картоп және орамжапырақ – барлығы әлеуметтік бағада сатылды.

Шараға мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Береке Fest» акциясы қала тұрғындары мен қонақтарын молшылық пен ізгілік рухында біріктірді. Келушілер фермерлік өнімдерді дәмінен татып көріп, өнімдерді өңдеу және сақтау бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, арнайы безендірілген аймақтарда естелік суретке түсе алды. Сахнада облыстың барлық аудандарынан келген шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

Зеренді ауданынан келген кәсіпкер Анна Шмит жәрмеңкеге қатысу оның жақсы дәстүріне айналғанын айтты:

«Біз 2007 жылдан бері ара шаруашылығымен айналысамыз. Өзіміздің көшпелі омартамыз бар, Зеренді ауданы бойынша көшіп жүреміз. Балды 1 келісін 2500 теңгеден сатамыз. Бір күнде шамамен 150 литр, яғни 300–400 келі өнім өткізіледі. Жәрмеңкеге қатысу – біз үшін әрі сату, әрі жарнама: жаңа сатып алушылар біз туралы біліп, кейін тікелей тапсырыс береді», – дейді Анна Шмит.

Жәрмеңкеге келгендердің арасында – балалары бар отбасылар, қариялар мен жастар. Бірі жаңа піскен ет пен бал үшін келсе, енді бірі – ән мен күлкіге толы мерекелік алаңда серуендеуге келген. Адамдар күліп, жарқын сөрелердің қасында суретке түсіп, молшылық пен жылы көңілге толы атмосферадан алған әсерлерімен бөлісті.

«Бүгінгі жәрмеңке – тек жаңа әрі арзан өнім сатып алу мүмкіндігі ғана емес, нағыз мереке. Мұнда адамдар араласып, мейірімділікті сезінеді, айналасында осындай еңбексүйгіш жандардың көп екенін көреді», – дейді көкшетаулық тұрғын Қымбат Сүйіндікова.