Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Ақмола облысында кең көлемде өтті. Облыс бойынша 30 мыңнан астам тұрғын сенбілікке қатысып, 100 мың шаршы метрден астам аумақты тазалап, 25 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызды.
Көкшетаудан бастап ең шалғай ауылдарға дейін бүкіл өңір біртұтас команда ретінде жұмыс істеді. Адамдар отбасы, әріптестері мен достарымен бірге қолғап, қапшық және көтеріңкі көңіл күймен келді. Көпшілігі үшін бұл акцияға қатысу – туған жердің тазалығы мен көркейтуіне қосқан жеке үлесі болды.
Елорда маңындағы ауылдарға ерекше назар аударылды. Талапкер ауылында жүздеген адам жағалаулар мен аулаларды тазалап, шамамен мыңға жуық ағаш отырғызды – олардың арасында қарағай, тал және алма ағаштары бар. Бірнеше көшетті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өзі отырғызды.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, әрбір азаматты табиғатты аялауға, туған жердің тазалығын сақтауға және бейжай қарамауға шақырады. Президенттің бастамасын қолдай отырып, біз өңірде 2 мың гектар аумақта шамамен 16 миллион ағаш отырғыздық. Бүгін осы акция аясында тағы 25 мың ағаш отырғызамыз”, – деді Марат Ахметжанов.
Акция 240-қа жуық елді мекенді қамтыды. Мәселен, Аршалы ауданында 1,5 мың адам сенбілікке қатысып, 15 мың шаршы метр аумақты тазалап, 400-ден астам ағаш отырғызды. Біржан сал ауданында 820 түп қылқан жапырақты ағаш – қарағай мен шырша отырғызылды. Астрахан ауданында акция барлық 11 ауылдық округте өтті, ал Зерендіде оқушылар мен «Көкшетау» ұлттық паркі қызметкерлері мектептер мен спорт нысандарының маңына ағаштар отырғызды.
Көкшетауда «Жаңа жағалау» аумағында 100 түп алма ағашы мен сирень бұталары отырғызылды. «Ескі жағалау» қарағайлармен, үйеңкілермен, қарағаштармен және алма ағаштарымен көркейе түсті, ал «Мәңгілік алау» мемориалының жаны қылқан жапырақты ағаштармен толықты. Бір күн ішінде облыс орталығында төрт мыңнан астам жаңа жасыл өсімдік пайда болды, соның ішінде 3,6 мың ағаш аулалар мен қоғамдық аймақтарға егілді.
Акцияның басты қозғаушы күші дәстүр бойынша жастар болды – сенбілікке колледж студенттері, волонтерлер және мектеп оқушылары қатысты. Айта кетсек, биыл өңірде 70 мың жас қатысқан төрт мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді.