
Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында 29-шы театр маусымының салтанатты ашылуы өтті. Кештің ең маңызды оқиғасы әйгілі жапон режиссері Акира Куросаваның сценарийі бойынша қойылған «Додескаден» спектаклінің тұсаукесері болды.
Бұл қойылым — әлемдік кинематография тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұлы шебердің әйгілі туындысын театр сахнасына алғаш бейімдеу тәжірибесі. Спектакльдің режиссері — Шамиль Дыйканбаев, ол туындының жанрын «бір шағын қалашықтың трагедиясы» деп анықтады.
Терең мазмұнды және әсерлі пьеса әлеуметтік қырларымен қатар, өмірдің философиялық мәнін де қозғайды. Кейіпкерлердің күнделікті қиындықтары арқылы адамның ішкі қайшылығы, рухани күйзелісі, үміт пен торығу арасындағы арпалысы, арман мен шындықтың қақтығысы ашылады. Спектакль кейіпкерлері — өмірдің шетінде қалған, әрқайсысының өз қайғысы мен жоғалтқаны, сонымен қатар адамдық қадір-қасиетін сақтауға деген талпынысы бар жандар.
Театр ұжымы мен көрермендер алдында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа театр маусымының ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде мәдениет — ұлттың төлқұжаты екенін атап өтті. Әлем жұрты елімізді ең алдымен өнеріміз арқылы таниды. 1996 жылы шымылдығын ашқан біздің театр осы уақытқа дейін ақмолалықтарды жарқын қойылымдарымен қуантумен келеді. Бүгінгі күнге дейін театр мен оның әртістері қазақ және әлем классиктерінің 200-ден астам туындысын көрермен назарына ұсынды», — деді өңір басшысы.
Марат Ахметжанов театр қызметкерлерінің өңір мәдениетінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Жуырда Мемлекет басшысы театр актері Қайрат Мырзаболатовты «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапаттады. Театрдың талантты әртістері әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп, түрлі байқауларда жоғары бағаланып жүр.
Биылдан бастап өңірде білікті мамандарды тарту мақсатында атаулы стипендиялар тағайындалды.
Келесі оқу жылынан бастап Ақмола облысы әкімінің гранттары тізіміне театр саласына арналған «драма әртісі» мен «режиссер» мамандықтары енгізілді.
Жаңа театр маусымының ашылуы Қазақстанның халық артісі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысованың 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Өнерін өміріне айналдырған актрисаға аймақ басшысы Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан құттықтау хатын табыс етті.