Ақмола облысының Целиноград ауданында үш медициналық нысан ашылды

Ақмола облысының Целиноград ауданында үш медициналық нысан ашылды

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Арайлы ауылдық округінде медициналық қызмет көрсетуге лицензия алған үш жаңа нысан ашылды.

Атап айтқанда, Арайлы ауылында дәрігерлік амбулатория, Тонкеріс ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Ынтымак ауылында медициналық пункт өз жұмысын бастады.

Нысандардың ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова қатысып, ауылдық денсаулық сақтауды дамыту өңірлік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

“Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Біздің мақсатымыз – қалада ма, әлде шағын ауылда ма, әрбір тұрғын үшін медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Сол себепті «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша ондаған нысан салынып, жаңартылуда. Бұл жай ғана ғимараттар емес – бұл ауыл тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі мен ауылдан көшу үрдісін тежеудің бір тетігі”, – деді Алтынай Әмренова.

Арайлы ауылындағы дәрігерлік амбулатория ауысымына 50 адам қабылдауға есептелген. Бүгінде оған 2 828 тұрғын тіркелген. Мұнда бастапқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл және жедел көмек, зертханалық диагностика, сондай-ақ профилактикалық және вакцинация жұмыстары жүргізіледі.

Төңкеріс ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт 1 458 тұрғынға қызмет көрсетеді. Ауыл тұрғындарына фельдшер мен санитар көмек көрсетеді. ФАП қызметі бастапқы медициналық-санитарлық көмек, аурулардың алдын алу, скринингтік бағдарламалар, жүкті әйелдер мен балаларды патронаждау, вакцинация жүргізуді қамтиды.

Ынтымак ауылындағы жаңа медициналық пункт 1 000-нан астам адамға қызмет көрсетуге арналған. Нысан заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, құрамында дәрігерге дейінгі, қарау және процедуралық кабинеттер бар.

Целиноград ауданының медицина ардагері Тоқтар Қожабаева атап өтті:
“Бұрын біз жалға алынған, жалпы ауданы 480 шаршы метр болатын ғимаратта жұмыс істейтінбіз. Енді алғашқы медициналық көмекті көрсетуге барлық заманауи жағдай жасалды. Жаңа нысандарда физиотерапия, емдік дене шынықтыру, жөтел бөлмесі, видеокольпоскоп кабинеттері бар. Сондай-ақ инфекциялық ауруға күдікті науқастар үшін жеке кіреберістер қарастырылған”, – деді ол.

Бұл медициналық нысандардың ашылуы ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырып, көмек алуды «қадамдық қолжетімділік» деңгейінде қамтамасыз етеді және аудан халқының денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.