
Болашақ сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысумен Мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға өңірдің 500-ге жуық педагогі, білім беру ұйымдарының басшылары, ведомстволық мекемелер өкілдері мен ардагер ұстаздар жиналды.
Облыс әкімі ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, білім саласының басты тірегі – мұғалім екендігін атап өтті.
«Әр адам өмірінде жомарттық пен даналық, терең білім мен тәрбие негізінде рухани жетілдірген, жан-жақты дамытқан, жеке тұлға болып қалыптасуға үйреткен ұстазымыз бар.«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», - деп ұлы Абай айтқандай, қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру – ең ұлы мұрат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтыңтамыз конференциясы отырысында «Педагог – мамандық қана емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады» деп атап өткен болатын. Шынында да, ұстаздың еңбегі – ұлттың болашағына салынған іргетас. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрінде ұстаздың маңдай тері мен мейірімі, еңбегімен қамқорлығы бар», - деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында 23 мыңнан астам педагог қызмет атқаруда.
Іс-шара барысында бірқатар ұстаздар ведомстволық марапаттармен, алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Степногорск қаласындағы 9 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Карлығаш Сүлейменова «Педагогтің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» құрметті атағына ие болып, 3 млн 145 мың теңге көлемінде сертификатпен марапатталды. Ал Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептің мұғалімі Жұлдыз Уәлиева «Педагогтің адал еңбегі үшін» құрметті атағына және 1 млн 966 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
Бұл мереке – әрбір ұстаздың еңбегіне көрсетілген зор құрмет пен қоғамдағы маңызды рөлінің тағы бір дәлелі.