
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың төрағалығымен идеологиялық сала мәселелеріне қатысты аймақтық кеңес өтті. Басқосуға идеологиялық саланы басшылық ететін облыстық басқарма басшылары мен өкілдері, аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасарлары, аймақтардағы ішкі саясат және дін, мәдениет және тілдерді дамыту, дене-шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшлары қатысты.
Іс-шарада Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын, Ұлттық құрылтайларда көтерген реформалары мен бастамаларын тиімді жүзеге асыруға, ішкі саясат, мәдениет, дене-шынықтыру және спорт, дін саласына қатысты мәселелер талқыланды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өз сөзінде «Мемлекет басшысының бастамасымен аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта ел әлеуетін жан-жақты нығайтуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Ел дамуының жаңа кезеңі идеологиялық саладағы тәсілдерін де қайта қарауды талап етеді. Сондықтан идеология саласындағы негізгі басымдық қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты қамтамасыз етумен қатар, жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыру және жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру жұмыстарына беріліп отыр. Осы себепті мемлекеттің бүгінгі саясаты «Адал азамат», «Заң және тәртіп» қағидаларын бекітуге, «Таза Қазақстан» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Жалпы, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды көздейтін тың тәсілдерді іздеу жұмыстары Ұлттық құрылтай және басқа да алаңдар аясында үнемі жүргізіліп келеді, – деп атап өтті.
Жиын соңында Досұлан Айтбаев жауапты мемлекеттік органдарға идеологиялық саладағы жұмысты проактивті режимде жүзеге асыру туралы тапсырмалар берді.