Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жақсы ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Халық алдында сөйлеген сөзінде өңір басшысы Ақмола облысының еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің орталығы болып табылатынын атап өтті. Жақсы ауданында биылғы жазғы егіс 517,2 мың гектар аумақта жүргізілді. Бұл облыстың жалпы егіс алқабының 10%-ын құрайды және барлық өңірлер арасында екінші көрсеткіш болып отыр.
«Мемлекет агроөнеркәсіптік кешен саласында қайтарымсыз субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түрінде қолдау көрсетуде. Бұған дейін аудан диқандары егіс жұмыстарына 7,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл агротехникалық іс-шаралар кешенін сапалы жүргізуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы диқандар егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың көлемін 3,3 есеге арттырды. Қазір басты назар – егін жинау науқаны. Бұл жай ғана көмек емес, өнімділікті арттыруға және бизнесті ынталандыруға арналған құрал екенін естен шығармау керек», – деді облыс әкімі.
Марат Ахметжанов инвестиция тарту мақсатында аудан үшін тек өндіріс көлемін арттыру жеткіліксіз екенін, қаржыны қайта өңдеу өнеркәсібіне, жаңа технологиялар мен жобаларға бағыттау, сондай-ақ жұмыс орындарын құру қажеттігін атап өтті.
Көлік инфрақұрылымы саласында ауданда құны жарты миллиард теңгеден асатын бес жоба жүзеге асырылуда. «Жақсы – Державинск» және «Атбасар – Қима – Жақсы – Державинск» бағыттарындағы 56,7 шақырым облыстық маңызы бар автожолға орташа жөндеу жүргізілуде, сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдардағы жеті су өткізгіш құрылғы жөнделуде. Сонымен қатар Жақсы ауылындағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, вокзал алдындағы алаң абаттандырылуда.
Өңір басшысы әлеуметтік салада іске асырылып жатқан жобалармен де таныстырды: жаңа блокты-модульді қазандықтың орнатылуы, Калининское, Чапаевское, Ишимское, Перекатное және Тарасовка ауылдарындағы бес мектептің күрделі жөндеуі, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуы, сондай-ақ биыл Кировское ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталатыны атап өтілді.
Кездесу барысында аудан тұрғындары жолдарды жөндеу, мектептердің жағдайы және басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Диалогтан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдау өткізді.