Облыс әкімі Есіл ауданындағы «Органико» кәсіпорнында болды

Облыс әкімі Есіл ауданындағы «Органико» кәсіпорнында болды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Есіл ауданындағы «Органико» кәсіпорнына барып, өндіріс барысымен және шаруашылықтың жаңа жобаларымен танысты.

Өңір басшысы компания жүзеге асырып жатқан әртараптандыру стратегиясы аясында егістік алқаптарын аралап көрді. Монодақылдан бас тартқан кәсіпорын майлы дақылдар мен көкөніс шаруашылығына басымдық беріп отыр. Биыл 80 гектар жерге сәбіз, 100 гектардан астам жерге картоп егілді.

«Орташа өнімділік гектарына 80 тоннаға дейін жетеді. Негізгі өткізу нарығы – SMALL супермаркеттер желісі. Сәбіз бен картопты негізінен Астанаға жөнелтеміз, ал жылыжайда өсірілген қиярды жергілікті нарыққа және Қостанайға жеткіземіз», – деді кәсіпорын директоры Дамир Болданов.

Делегация сондай-ақ қысқы уақытта қияр, маусым кезінде көшет пен тұқым өсірілетін жылыжай кешенінде болды. Басшының айтуынша, шаруашылық цифрлық технологияларды белсенді енгізіп, техника сатып алуға субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түрінде мемлекеттік қолдау алған. Бүгінде «Органико»-да шамамен 100 адам жұмыс істейді, барлық өнім экологиялық талаптарға сай өндіріледі.

Сапар көкөніс сақтау қоймасын аралаумен аяқталды. Мұнда сыйымдылығы 2000 тонна болатын көкөніс пен картопты сұрыптау және сақтау жұмыстары жүргізіледі.

«Біздің шаруашылық 1996 жылдан бері егін және мал шаруашылығымен айналысып келеді. Қазір жаңа бағытты дамытып, тәуекелдерді азайту мен бизнесті кеңейту жолында жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті Дамир Болданов.

Өңір басшысы биылғы өнім көлемі былтырғыдан жоғары екенін және ақмолалық өнімге сұраныс зор екенін айтты.

«Биыл астық түсімі жақсы, дәннің сапалы – 760–780. Біз табысты шаруашылықтарды қолдаймыз. Қазірдің өзінде жасанды интеллект негізінде егістіктерді цифрландыру бағдарламасы әзірленді. Ол алқаптардың жағдайын талдап, ұсыныстар беруге мүмкіндік береді. Бұл бизнес тиімділігін және табыстылығын айтарлықтай арттырады. Қазан айында ірі супермаркет ашылады, онда ақмолалық өнімнің кең ассортименті ұсынылады. „Органико“-ның онымен әріптестік орнатуға мүмкіндігі бар», – деді Марат Ахметжанов.