Ақмола облысының әкімі Есіл ауданының халқымен кездесті

Ақмола облысының әкімі Есіл ауданының халқымен кездесті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу Заречное ауылында «сұрақ-жауап» форматында өтті.

Өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, басты басымдық ауыл шаруашылығы екенін атап өтті. Аудандағы егіс алқабы 486,6 мың гектарды құрайды, бұл – облыс бойынша үшінші көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл майлы дақылдардың көлемі екі есеге жуық артты: 25 мың гектардан 45 мың гектарға дейін.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері. Биыл біз астықтың рекордтық өнімін – шамамен 7 миллион тонна күтіп отырмыз. Өңір кәсіпорындарына бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Бүгінгі басты міндет – орақты дер кезінде жүргізіп, астықты сақтау, өңдеу және өткізу», – деді облыс әкімі.

Марат Ахметжанов инвестиция тарту мәселелеріне де тоқталды.

«Президент инвесторлармен жұмысты қайта құруды тапсырды. Оның ішінде шағын және орта бизнесті белсендірек қолдау, жаңа преференциялар беру, ұзақ мерзімді инвестицияларға жағдай жасау бар. Келесі жылдан бастап жергілікті бюджеттерде қаржы көбірек қалады: шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы сіздердің бюджеттеріңізге бағытталады. Бұл – ауданның дамуының негізгі көзі әрі әкімдік жұмысының нәтижесін айқындайтын көрсеткіш», – деп атап өтті өңір басшысы.

Қазіргі уақытта Есіл ауданында жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, кездесуге қатысқан инвестор ауданға құрама жем зауытын, майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын және сыйымдылығы 100 мың тонна болатын астық элеваторын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Кездесуде сондай-ақ инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы мәселелері қаралды. Облыс әкімі аудан әкімдігіне ескі үйлерді жаңғырту бағдарламасын іске асыруды және Игілік, Знаменка мен Красивое ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды