Есіл ауданы Ақсай ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Есіл ауданы Ақсай ауылында  дәрігерлік амбулатория ашылды

Есіл ауданының Ақсай ауылында үш елді мекеннің — Ақсай, Орловка және Бұзылық ауылдарына 1 266 тұрғынына қызмет көрсететін жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды.

Аталған медициналық нысанды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аралап көрді.

Жалпы практика дәрігері Адас Бекзаттың айтуынша, мұнда физиотерапиялық процедуралар, емдік дене шынықтыру (ЛФК), күндізгі стационар, дәріхана пункті және шұғыл медициналық көмек көрсету сынды кең ауқымды қызмет түрлері қарастырылған.

Облыс әкімі ауыл медицинасының дамуы денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыт екенін атап өтті:

«Ауылдық елді мекендерде медицина сапалы әрі қолжетімді болуы тиіс. Мұндай нысандар қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайтады. Амбулатория заманауи талаптарға сай жабдықталып, барлық қажетті стандарттарға жауап береді», – деді Марат Ахметжанов.

Ауыл тұрғыны Молдарахим Максут өз ойымен бөлісті:

«Бұл ауылда отбасымызбен 15 жылдан астам уақыт тұрамыз. Бұрынғы амбулаторияда дәрігерлер тоңатын, кабинеттер тар болатын. Енді ауылда біз үшін барлық жағдай жасалды».

Аксайдағы амбулатория Есіл ауданында мемлекеттік «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген екінші нысан болып отыр.

Бұған дейін ауыл тұрғындары 1960 жылдары салынған ғимаратта медициналық көмек алып келген.

Жалпы Ақмола облысында осы бағдарлама аясында 32 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, 6 нысанның жұмысы соңғы кезеңде.