Жарқайың ауданының Державинск қаласында су тазарту құрылыстары іске қосылуға дайын. Ауданға сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов нысанның дайындығын тексерді.
«Байсын-А» ЖШС директоры Шахмұрат Өтештің айтуынша, нысанды 15 қыркүйекте тапсыру жоспарланған. Заманауи жабдықтарда Есіл өзенінен келетін су екі сатылы тазартудан өтеді. Қаланың тәуліктік қажеттілігі 3,5–4 мың текше метрді құрайды, ал су тазарту құрылысы болашақты ескере отырып, 4,8 мың текше метр береді. Құбыр желісі жуылып, авторлық қадағалау ескертпелері толық ескерілді.
Жастар ықшам ауданындағы №17 көпқабатты үйде қайта жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қараша айында жөндеу мен әрлеу жұмыстары аяқталып, кезекте тұрғандар санитарлық-фаянс бұйымдарымен, су жылытқыштарымен және электр плиталарымен жабдықталған 60 жалдамалы пәтер алады.
«Болашақ қоныстанушылардың арасында әлеуметтік осал санатындағы азаматтар бар: көпбалалылар, зейнеткерлер, жетімдер. Сондықтан барлық жұмысты сапалы әрі уақытында орындау маңызды. Құрылыстан бөлек, аула абаттандырылып, көгалдандырылуы тиіс», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Бұрынғы «Державинская» теміржол станциясының орнында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр: ескі ғимарат бұзылып, іргетасқа арналған қазаншұңқыр дайындалды. Құрылыс жұмыстарын «Integro Construction KZ» ЖШС атқаруда. Жоба жолаушылар мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауды қарастырады: станцияда екі жолаушылар пойызы аялдайды.
«Көптеген келушілер үшін станция ғимараты қаланың бет-бейнесі болады. Сондықтан абаттандыруды ойластыру керек: жасыл аймақтар, ыңғайлы тұрақтар», – деп тапсырма берді облыс әкімі.
«Алтын Дән КЗ» ЖШС астық қабылдау пунктінде облыс басшысына астықты қабылдаудан бастап қоймаға жөнелтуге дейінгі процесс көрсетілді. Кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін бидай қабылдайды, оның 30%-ы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен түседі. Дән сапасын бақылау зертханасы жедел талдауға арналған барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, ауданда орақ науқаны 20 тамызда басталған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Н. Крупская атындағы жалпы білім беретін мектеп пен жер валын аралады.