Ауыл шаруашылығы, жолдар және инвестициялар: Жарқайың ауданындағы халықпен кездесу қалай өтті

Ауыл шаруашылығы, жолдар және инвестициялар: Жарқайың ауданындағы халықпен кездесу қалай өтті

Жарқайың ауданының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірдің басты міндеті – орақ жұмыстарын уақытылы өткізу екенін атап өтті.

«Жарқайың ауданының дамуының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде негізгі үлесті егіншілік құрайды. Ауданға ең үлкен егіс алқабы – 695 мыңға жуық гектар немесе облыстың жалпы егіс көлемінің 12,6%-ы тиесілі. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға шамамен 17,4 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 4,1 млрд теңге 153 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қайтарымсыз субсидия ретінде берілді», – деді өңір басшысы.

Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында биыл майлы дақылдар көлемі 7 есеге жуық кеңейтіліп, 13 мың гектарға жетті. Мал шаруашылығы саласында өткен жылы жеңілдетілген несие беру арқылы «Темірлан» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасы 410 басқа ұлғайтылды. Биыл 2,8 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, нәтижесінде 55 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобалар қатарында – сүт фермасын, астық сақтау қоймаларын, мал шаруашылығы базасын салу және т.б. бар.

«Соңғы екі жылды салыстырсақ, инвестициялар көлемі екі еседен астам өсіп, 2,8 млрд теңгеге жеткенін көруге болады. Бұл – оң динамика. Дегенмен, ең бастысы – осы көрсеткіштердің халыққа нақты нәтижелер беруі: жаңа жұмыс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым. Мемлекет басшысы өз Жолдауында басымдықты айқын көрсетті: инвестициялар өңірлердің сапалы дамуының қозғаушы күші болуы тиіс. Бұл ретте тек көлемді ұлғайту ғана емес, қаражатты шын мәнінде жұмыс орындарын ашып, халықтың өмір сүру деңгейін көтеретін жобаларға бағыттау маңызды», – деп атап өтті облыс әкімі.

Өз сөзінде Марат Ахметжанов жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мен тұрғын үй құрылысының төмен қарқыны сияқты проблемалық мәселелерді де айтты.

Өңір тұрғындары жолдар мен көпірді жөндеу, дәрігерлердің жетіспеушілігі және Тассуат ауылының тұрғындары тап болып отырған мәселелерді көтерді.

«Аудан әкімі барлық мәселенің шешімін қатаң бақылауда ұстауы қажет. Инвестиция тарту жұмысын жолға қойып, ауданның дамуына жаңа серпін беруі тиіс», – деп түйіндеді кездесу қорытындысын өңір басшысы.