Әкімдердің тиімділігі инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту көрсеткіштері бойынша бағаланатын болады

Әкімдердің тиімділігі инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту көрсеткіштері бойынша бағаланатын болады

Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов халықпен кездесу барысында айтты.

Оның сөзінше, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және билікті орталықсыздандыру аясында келесі жылдан бастап корпоративтік және жеке табыс салықтары аудандық бюджеттерге бекітіледі.

«Енді аудан әкімдерінің өздеріне жүктелген аумақтарды дамытуға барлық мүмкіндігі болады. Аудан әкімі инвестиция тартуға және өнеркәсіпті дамытуға тікелей мүдделі, өйткені шағын және орта бизнестен түсетін табыс салықтары толық көлемде ауданда қалады», – деп атап өтті өңір басшысы.

Аршалы ауданында бүгінгі күні алты инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, олардың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Маңызды бағыттардың бірі – «Aqmola» индустриялық аймағын дамыту. Оның портфелінде құны 1 трлн теңгеден асатын 7 ірі жоба бар. Негізгі жобалардың бірі – 950 млн АҚШ долларына дейін инвестиция тартылатын дәнді дақылдарды терең өңдеу зауытының құрылысы болмақ. Кездесу барысында өңір басшысы тұрғындарды Сингапур, Қытай және басқа да елдерден келген инвесторлармен таныстырды.

Сонымен қатар, ауданда аграрлық сала да қарқынды дамуда. Марат Ахметжанов негізгі міндеттердің бірі ретінде егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан әрі уақытылы жүргізуді атады.

«Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдауға ие болды. Біз жақсы нәтиже мен мол өнім күтеміз», – деді облыс әкімі.

Биыл аудандағы жаздық егіс көлемі 230 мың гектардан асты, майлы дақылдардың алқабы төрт есеге ұлғайды. Қазіргі уақытта ауданның аграрлары егін ору науқанының белсенді кезеңін жүргізуде.