Жарқайың ауданында екі 60 пәтерлі тұрғын үй қайта жөнделуде, әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй мәселесі шешімін табуда

Жарқайың ауданында екі 60 пәтерлі тұрғын үй қайта жөнделуде, әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй мәселесі шешімін табуда

Жарқайың ауданында Мемлекет басшысының тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік бастамаларын іске асыру аясында азаматтардың тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Державинск қаласында 2024 жылдың желтоқсан айында №17-ші 60 пәтерлі тұрғын үйді сату бойынша тендер өткізілді. Нысанды пайдалануға беру мерзімі – 2025 жылдың қараша айы. Жалпы тұрғын үй ауданы шамамен 2,8 мың шаршы метрді құрайды. Үйде 10 бір бөлмелі, 40 екі бөлмелі және 10 үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Қазіргі уақытта үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, шатыр жабындысы аяқталып, қосымша құрылыс жұмыстары атқарылуда.

Осы шағын ауданда тағы бір 60 пәтерлі №19 тұрғын үйдің қалпына келтірілуі басталды. Оның жалпы ауданы шамамен 2,7 мың шаршы метрді құрайды. Бас мердігер – «МТЛ-Арка» ЖШС. Пайдалануға беру мерзімі – 2026 жылдың наурызы. Қазіргі таңда ғимаратта сыртқы құрылыс жұмыстары және ішкі жұмыстар жүргізілуде.

«Тұрғын үйлерді қалпына келтіру және әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту – бұл тұрғын үй мәселесін шешудегі маңызды қадам әрі халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игі іс. Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларының нәтижесінде жүздеген отбасы заманауи әрі жайлы пәтерге ие болады»,- деді Жарқайың ауданының әкімі Жүсіпбеков Ербол Кәрімұлы.

Екі нысан да тендер қорытындысы бойынша сатып алынды кейіннен әлеуметтік осал топтарға арнап қайта сатып алу шеңберінде тіркеу үдерісіне енгізілетін болады. Жалпы алғанда, Жарқайың ауданында 5,5 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қалпына келтірілуде, бұл аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй алу кезегінде 319 адам тұр. Биылғы жылдың басында 80 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің кілттері кезектегілерге табысталды. Оның ішінде 17 көпбалалы отбасы, 36 жалғызбасты ана, 16 жетім бала, 8 мүмкіндігі шектеулі жан, 2 зейнеткер және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған бір отбасы жаңа пәтерге ие болды.

Тұрғын үй қорын қалпына келтіру және кезектегілерді уақытылы баспанамен қамтамасыз ету – Жарқайың ауданының басты басымдықтарының бірі. Бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына ықпал етеді.