
Жаңа оқу жылының басталуымен және №1 мектептің ашылуымен Бестөбе тұрғындарын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.
«Бұл – біз үшін маңызды оқиға. Бүгінде мемлекет жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін барлық мүмкіндікті жасауда. Заманауи жабдықтармен қамтылған жаңа мектептер салынып, оқытудың инновациялық әдістемелері енгізілуде, материалдық-техникалық база жақсаруда. Соңғы 3 жылда балабақшаларды, мектептерді және студенттерге арналған жатақханаларды қоса алғанда, 26 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Тек биылдың өзінде 5 жаңа білім беру нысаны ашылуда, соның ішінде сіздердің мектептеріңіз де бар», – деп атап өтті өңір басшысы.
300 орындық жаңа екі қабатты ғимарат 1958 жылы салынған ескі мектептің орнын басты. Бүгінде мұнда 445 оқушыға 56 мұғалім білім беруде. Биыл алғашқы қоңырау үш бірінші сынып үшін соғылды.
Көпбалалы ана Алёна Қожахметова өз әсерімен бөлісті:
«Ескі мектеп ғимараты апатты жағдайда еді. Жаңа мектептің ашылғанына қатты қуаныштымыз – кең, жарық, жағдайы өте жақсы. Менің отбасымда үш оқушы бар, үшеуі де осында оқитын болады».
Марат Ахметжанов он бірінші сынып оқушыларымен кездесіп, оларға білім алуда және болашақ мамандық таңдауда сәттілік тілеп, Степногорск үшін басым бағыттарды атап өтті: энергетика мен ауыл шаруашылығы.
«Жаңа мектеп түлектеріне облыс әкімінің үш грантын бөлу қажет», – деп тапсырды Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ өңір басшысы Бестөбе кентіндегі №2 мектептің оқушыларын да жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.