Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Оның ашылуы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және бокстан әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Мерей Ақшалов қатысты.
«Бүгін біз тек спорттық нысанның емес, денсаулық пен күштің, жетістіктер әлемінің есігін ашып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортсыз дені сау жастарды тәрбиелеу және ұлт саулығын нығайту мүмкін еместігін атап өткен болатын. Заманауи спорт кешенінің ашылуы – осы маңызды міндеттің айқын дәлелі», – деді өңір басшысы.
«Жаңа спорт кешені ауылдағы спорт орталығына ғана айналып қоймай, ауылға жаңа серпін береді. Енді болашақ чемпиондарды дайындауға мүмкіндік туып отыр», – деп қуанышымен бөлісті қазақ күресі бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, ұлттық санаттағы төреші Орал Айдын.
Жалпы аумағы 2,3 мың шаршы метрді құрайтын жаңа нысан бір ауысымда 300 адамды қабылдай алады. Бұл ауыл тұрғындары мен жастарға тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен айналысуға кең мүмкіндік ашпақ.
Кешен құрамында әмбебап спорт залы, жаттығу залы және күреске арналған арнайы зал бар. Бұл ауыл тұрғындарының жан-жақты дене шынықтыруына және түрлі деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға толық жағдай жасайды.