Көкшетау қаласында «Қоғаммен байланыс орталығы» жаңа сот ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Судьялар әкімшілігі басшысының орынбасары Жантемір Шәкиев, Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов, жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың алғашқы басшылары, судьялар мен ардагерлер қатысты.
Марат Ахметжанов өз сөзінде жаңа сот ғимаратының әділ соттың ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз етуде, қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруда маңызды қадам болатынын атап өтті.
«Заманауи ғимаратта сот процесін жүргізуге барлық жағдай жасалған. Мұнда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарайтын мамандандырылған судьялар қызмет атқарады. Жобада қазылар алқасының үміткерлеріне қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Бұл орын әділет пен қоғамға қызмет етудің символына айналады деп сенемін», – деді өңір басшысы.
Сот жүйесінің өкілдерін орталықтың ашылуымен құттықтаған Жантемір Шәкиев орталықтың қызметі азаматтардың соттармен ашық әрі ыңғайлы қарым-қатынас орнатуға, процессуалдық құжаттарды қабылдауды қамтамасыз етуге, сот істерін қарау барысы бойынша ақпарат беруге бағытталғанын айтты. Сондай-ақ медиатордың, адвокаттың және психологтың тегін көмегін алуға жағдай жасалғанын атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар жаңа ғимаратпен танысып, онда заманауи сот залдары, азаматтарға арналған жайлы күту аймақтары, адвокаттарға арналған кабинеттер, балалар мен психологтарға арналған бөлмелер, сондай-ақ қазылар алқасымен жұмыс істеуге арналған орындар қарастырылғанын көрді.