Целиноград ауданының Аққайың ауылына газ берілді

Целиноград ауданының Аққайың ауылына газ берілді

ҚР Конституциясы күні қарсаңында Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Аққайың ауылындағы қуанышты жаңалықтың арқасында 233 үйге көгілдір отын қосылды. Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.

Жалпы ұзындығы 62,8 шақырым газ құбырының 7,4 км бөлігі орташа қысымдағы болса, төмен қысымдағысы 55,4 км құрайды. Ал бұлардың арасында табиғи қуат көзінің тиісті деңгейде ұсталып, аққайыңдықтарға тұрақты берілуін арнайы құрылғы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, елеулі оқиға тұсында балалардың спорт және ойын алаңы қолданысқа тапсырылды. Аталмыш қадам жергілікті тұрғындар үшін алаңсыз әрі қауіпсіз, белсенді уақыт өткізуге жол ашпақ.

«Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету - өңір экономикасын қолдауға, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бұл Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың өмір сапасы жоғары болуы қажет екендігін әрдайым айтады. Біз осы стратегиялық міндетті жүзеге асырып жатырмыз. Аққайың Целиноград ауылында орталық газдандырумен қамтамасыз етілген үшінші елді-мекен. Ағымдағы жылы Целиноград ауданында тағы 6 ауыл - Қоянды, Алтынсарин, Талапкер, Қызылсуат, Қаражар және Қараөткелді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қоянды, Алтынсарин, Талапкер ауылдарындағы жобалар ақталуға жақын. 432 км газ құбыры іске қосылады, бұл 35 мың адамды немесе 8,7 мың абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекет тұрғын үйлерді газдандыру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларын қабылдауда»., - деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

«Мемлекет басшысы елдегі газдандыру жұмысын тездетуді тапсырған болатын. Осы орайда QazaqGaz ұлттық компаниясы жергілікті әкімдіктермен белсенді жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде Ақмола облысының әкімдігі. Жалпы, өңірдегі елді-мекендерді газдандыру көрсеткіші артып келеді. Жыл басынан бері Нұрлы, Шұбар ауылдарына газ берілсе, жыл соңына дейін тағы 5 елді-мекенге газ беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл ұлттық компанияның Ақмола облысымен бірлесе жасап жатқан жүйелі жұмысының нәтижесі»,-деді QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов.

Елеулі оқиғаны асыға күткен ауылдықтардың арасында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын Күлзада Мұқажанова бар.

«Екі ұлды бағып-қағып жеткізіп, олардан 5 немере көрген жан ретінде мені «әлеуметтік әмиян» бағдарламасына тіркейтініне алғыс айтамын. Әлбетте біздің жақта қыс мезгілінің ерте түсетінін ескерсек, экологиялық таза энергия көзі өмір сүру сапамызды жақсартатыны анық», - деп оң лебізін жасырмады жаңа газ құбыры бірінші тартылатын абономент.

Бұдан басқа, мемлекет тұрғын үйлерді газдандыру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолдау шараларын қабылдауда. Әкімдіктің қаулысымен азаматтардың осы санатына тұтынылған газ үшін 20% - ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар үшін 70 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көзделген.