Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында әкімдік Қосшы қаласынан 371 пәтер сатып алды

Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында әкімдік Қосшы қаласынан 371 пәтер сатып алды

Елімізде алғаш рет тұрғын үйді бөлу бойынша пилоттық жоба Қосшы қаласында іске қосылды. Ақмола облысының әкімдігі «Отбасы банк» АҚ-ына 371 пәтерді мұқтаж азаматтарға үлестіру үшін тапсырды. Бүгін облыс әкімі Марат Ахметжанов банк өкілдігіне пәтерлердің сертификатын табыстады.

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, баспана ең алдымен мұқтаж азаматтарға берілуі әрдайым басты назарда. Айта кету керек, тұрғын үйді бөлу бойынша пилоттық жоба дәл осы Қосшыда басталды. Бөлінген 371 пәтердің 261-ін әлеуметтік осал топтағы отбасылар жаңа бағдарлама аясында жекешелендіру құқығымен жалға алса, 110 отбасы несиеге баспана ала алады», – деп атап өтті өңір басшысы.

«Отбасы банк» АҚ өңірлік филиалының директоры Алмат Нұрахметовтің айтуынша, пилоттық жоба аясында толық ашықтық қағидаты енгізілуде:

«Барлық процесс автоматтандырылған, адами фактор жоққа шығарылды. Жүйе кезектілікті өзі айқындайды, әр азамат тәулік бойы онлайн режимде өз мәртебесін қадағалай алады», – деді ол.

«Бұл – қарқынды дамып келе жатқан жас қаламыз үшін ауқымды оқиға. Ол тұрғындарымызға жаңа мүмкіндіктер ашып, өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Жобаның арқасында отбасыларымыз заманауи әрі жайлы пәтерлерге қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде тұрақтылық пен берекеге жол ашады», – деп бөлісті Қосшы қаласының тұрғыны, депутат Ирина Осипова.

Айта кетсек, соңғы екі жылда Ақмола облысында мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 4 787 отбасы баспанамен қамтылды, оның ішінде 1 536 пәтер мұқтаж азаматтарға берілді. Бұл – соңғы жеті жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ал тек Қосшы қаласында биылдың өзінде 560 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.