Зеренді ауданында Серафимовка, Қойсалған және Желтау ауылдарының тұрғындары соңғы үш ай бойы жиі кездескен жарықтың өшіп қалу мәселесі шешілді. Кей күндері жарық тәулігіне бірнеше рет өшкен.
Бұған дейін аудан әкімдігі өз күшімен бірқатар шаралар қабылдаған болатын — ағаштарды бұтау, комплектілі трансформаторлық подстанцияларды (КТП) ауыстыру, желілерді қайта тарту жұмыстары жүргізілді. Алайда желілердің тозуы және олардың әкімдік балансына тіркелмеуі себепті тұрақты электрмен жабдықтауға қол жеткізу мүмкін болмады.
Осы жағдайды ескере отырып, аудан әкімдігі «Көкшетау Энерго» ЖШС-нен қолдау сұрады. Бір апта ішінде бес апаттық бригада ауқымды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді: 43 тірек, 15-тен астам траверс, 1000-нан астам изолятор ауыстырылды, 12 шақырымнан астам электр желісі қайта тартылды, қосалқы станциялар жөнделіп, қызмет көрсетілді, сондай-ақ электр жеткізу желілері бойындағы ағаштар бұталды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесі бірден байқалды — соңғы бір аптада жарық тұрақты беріліп, ешқандай үзіліс болған жоқ.
«Облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша, кәсіпорындармен бірлесіп жүргізілген кешенді жұмыстар жағдайды толық тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бүгінде үш ауыл тұрақты электрмен жабдықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деді Зеренді ауданының әкімі Асет Құрманғожин.