Сандықтау ауданының Максимовка ауылында 2025 жылғы егін жинау науқанына дайындық бойынша облыстық агрокеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан төрағалық еткен жиынға 300-ден астам диқандар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Өткізу орны бекер таңдалмаған – Максимовка ауылында Закусиловтар әулеті басқаратын «Максимовское» және «Свободное» ЖШС табысты еңбек етіп келеді. Негізін қалаушы Александр Александрович Закусилов – облыстың құрметті азаматы, өмірін аграрлық саланы дамытуға арнаған. Жиын басталар алдында делегация шаруашылықтардың егістік алқаптарын аралап, қолданылып жатқан технологиялармен, ауыспалы егіс жүйесімен және биылғы егін жинау жоспарларымен танысты.
Жиынды ашқан Мұрат Балпан биылғы науқанның басты міндеті – жұмыстарды ұйымдасқан түрде, қысқа мерзімде және шығынсыз өткізіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Биыл бізде егінді жоғары деңгейде жинауға қажетті барлық мүмкіндік бар – техника да, жанармай да, білім де, бірлік те. Әркім өз орнында бар күшін салса, нәтижеміз де лайықты болады», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраковтың айтуынша, облыстың жалпы егіс алқабы 5,5 млн гектарды құрайды, оның 495 мың гектары – майлы дақылдар, бұл рекордтық көрсеткіш. Жинауға шамамен 7 мың астық жинайтын комбайн қатысады, олардың үштен екісі – заманауи, жоғары өнімді техника.
Жыл басынан бері облыс диқандар шамамен 40 млрд теңгеге 1,1 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. АӨК-ке мемлекеттік қолдау көлемі 233,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде 63,3 млрд теңге – қайтарымсыз субсидиялар. Қалған қаржы жеңілдетілген несиелеуге және форвардтық сатып алуға бағытталды.
Биыл көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу тарихта алғаш рет ерте – 2024 жылдың желтоқсанында басталды. Соның арқасында 900-ден астам шаруашылық 117 млрд теңгеден астам қаражат алып, егісті уақытылы өңдеп, арамшөптерге, аурулар мен зиянкестерге қарсы қорғау жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсеитов, «Қазақстан Астық консорциумы» ЖШС бас директоры Бахтияр Оспанов, «Свободное» ЖШС директоры Александр Закусилов және «Журавлевка-1» ЖШС агрономы Руслан Жайылбаев өз тәжірибелерімен бөлісті. Талқылауда техника жаңғырту, кептіру қуаттарын арттыру, «егістен портқа дейін» тізбегін дамыту және заманауи агротехнологияларды қолдану мәселелері қозғалды.
«Қазгидромет» филиалының мәліметінше, тамыз–қыркүйек айларында ауа температурасы норма шегінде, жауын-шашын мөлшері нормаға жуық немесе төмен болады. Көптеген аудандарда жаздық бидайдың өнімділігі көпжылдық орташа көрсеткіш деңгейінде күтілуде, ал Бұланды, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында орташа көрсеткіштен жоғары болады деп болжануда.
Кеңес конструктивті жағдайда өтіп, егін жинау науқанының нақты міндеттері мен басымдықтарын айқындап, алдағы қарбалас кезеңде аграрийлердің үйлесімді жұмыс жасауына серпін берді.