Жер шоқтығы атанған Көкшетау өңірі – тұғыры биік өнер майталмандары мен текті жырдың марғасқаларын дүниеге әкелген қасиетті мекен. Сал-серілік дәстүрдің көшін бастаған Біржан сал мен Ақан сері, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырай, айтыстың аға сұлтандары атанған Орынбай мен Шөже, Арыстанбай мен Тоғжан сияқты жыр алпауыттары осы киелі жерде дүниеге келіп, осы қасиетті топырақтан нәр тартқан.
Қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған Ілияс Есенберлин, Мәлік Ғабдуллин, Жұмағали Саин, Жанайдар Мусин, Сәкен Жүнісов, Көкен Шәкеев сынды атақты жерлестеріміз де сөз құдіретін асқақтатудың озық үлгісін паш етті. Солардан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, сол ірі тұлғалардың салтанатты дәстүрін келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның қастерлі парызы деп білеміз. Ұлылардың ұлы көші осы күнде де бұйдасын үзбегені – қуанышты жайт.
Ағымдағы жылдың 24 қыркүйегі күні Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасында өңір басшысы Ермек Боранбайұлының қолдауымен жарық көрген «Көкшетау қаламгерлері» кітаптар сериясының тұсаукесері өтті. Алдағы уақытта әлі де жалғаса беретін бұл жоба аясында биылғы жылы көкшелік танымал қаламгерлер Ерболат Баяттың «Уақыт шеңбері», Қайырбай Төреғожаның «Көкжиек», Алмас Темірбайдың «Жекебатыр», Ұлмекен Тыныштыққызының «Мен күткен көктем...», Табысбек Үсеннің «Бозжусан» және Абылай Мәуленнің «Лабиринт» атты кітаптары қалың оқырманға жол тартты.
«Көкшетау қаламгерлері» жобасы биылғы жылы Ақмола облысының зиялы қауымының ұсынысымен қолға алынып, оған өңір басшысы қолдау білдірген болатын. Алдағы жылдарда да «Көкшетау қаламгерлері» жобасы мазмұнды жалғасын таппақ.
Іс-шара барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мысырәлімова Айна Ермекқызы және ақын, жазушы, драматург, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жабал Ерғалиев жиылған жұртшылықтың қошеметімен салтанатты түрде жаңа кітаптардың тұсауын кесіп, әдебиет әлеміне ақ жол тіледі. Тұсаукесердің құрметті қонақтары Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің басшысы Нұртас Ахатұлы және ақын, жазушы, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек сынды белгілі тұлғалар сөз сөйлеп, қаламгерлерге жылы лебіздерін білдірді, авторлар кітапқа енген тың туындыларымен жиылған жұртшылықты сүйсіндірді. Өңіріміздің зиялылары мен талғампаз оқырман қауымы мазмұнды шараға куәгер болды.