Ақмола облысында республикалық жастар лагері «Дала Қырандары Camp 2025» басталды

Ақмола облысында республикалық жастар лагері «Дала Қырандары Camp 2025» басталды

Ақмола облысының Шортанды ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған республикалық жастар лагері – «Дала Қырандары Camp 2025» өз жұмысын бастады.

Жыл сайын өтетін бұл патриоттық форумды «Дала Қырандары» қозғалысы ұйымдастырып отыр. Жазғы әскери-далалық лагерь форматында өтіп жатқан шараға еліміздің барлық өңірінен келген мыңға жуық жастар қатысуда. Қоғамдық ұйымның басты мақсаты – елдің болашағына бей-жай қарамайтын белсенді жастарды бір арнаға тоғыстырып, өзара қолдау мен өмірлік өзін-өзі жүзеге асыруға жағдай жасау, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға серпін беру.

Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов, құқық қорғау органдарының өкілдері, белгілі спортшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес, сіздер қоғамда оң идеологияны қалыптастырып, заңға бағыну, өзара құрмет пен патриоттық құндылықтарды насихаттап жүрсіздер. Ең бастысы, сіздер тек есірткі мен контрафактілі алкоголь саудасы сияқты зиянды құбылыстармен күресіп қана қоймай, жастарды спортқа баулып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, құқықтық сауаттылық пен қоғамдық белсенділікке тәрбиелеп отырсыздар. Бұл – азаматтық қоғам құрудың жарқын үлгісі», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

«Екі жыл бұрын бұл қозғалыста небәрі 12 адам ғана болатын. Бүгінгі форумға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға жуық жас жиналып отыр. Бұл сіздердің дұрыс бағытта келе жатқандарыңыздың айқын дәлелі», – деді Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов өз сөзінде.

Ұйым төрағасы Мәди Рымжановтың айтуынша, форум қатысушылары жеті күн бойы шатырлы лагерь жағдайында өмір сүріп, дала өмірінің ырғағына бейімделеді: шатыр тігіп, от жағып, спортпен шұғылданады, ел болашағы үшін жауапкершілік алуға, өзара көмектесу мен тәртіпке үйренеді.

Лагерь бағдарламасына төрт негізгі бағыт енгізілген: #жаттығу – жастар өз қаласындағы аула спорт алаңдарына жауапкершілік алып, бірлескен жаттығулар ұйымдастырып, тәртіпті қадағалайды, #сатқындар – көшелер мен әлеуметтік желілерде есірткі жарнамасы мен сатылымына қарсы күрес жүргізіп, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, синтетикалық есірткілердің интернет-дүкендерін бұғаттап, жарнамаларын жояды; #суррогат – акцизсіз, заңсыз алкоголь өнімдерін анықтап, полициямен бірлесе отырып, оларды тәркілейді;#36.1 – мемлекеттік рәміздердің пайдаланылу тәртібін қадағалап, заңбұзушылықтар орын алса, құзырлы органдарға хабар береді.