Атбасар қаласында қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, жаңа сквер салынып, теміржол вокзалы қайта жөнделуде

Атбасар қаласында қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, жаңа сквер салынып, теміржол вокзалы қайта жөнделуде

Атбасар қаласында көшелерді абаттандыру, саябақтар мен скверлерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы жоспардағы жобалармен танысты.

Атбасар жұртшылығы үшін маңызды жобалардың бірі – 1956 жылы салынған теміржол вокзалының қайта жөнделуі. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Атбасардың теміржол торабындағы тарихи маңызын ескере отырып, вокзалдың бастапқы сәулеттік келбетін сақтау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Өңір басшысы сондай-ақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған Теміржол саябағында болды. Жаз мезгілінде саябақ аумағында балаларға арналған аттракциондар, субұрқақ, ойын алаңы, балалар автокөліктерін жалға беру қызметі жұмыс істейді. Қыста мұз төбешік, коньки, шаңғы, тюбинг, сырғанақтарды жалға беру қызметі көрсетіледі.

Саябақта облыс әкімі аудан орталығының даму барысы жөніндегі есепті тыңдады. Аудан әкімі Кеңеш Әлімжановтың мәліметінше, орталықта шағын сәулет нысандары «Тұлпар» композициясы мен «Атбасар» МАФ-тары қалпына келтірілген. Орталық алаңға LED-экран, жарықтандыру құрылғылары, панно мен көше шамдары орнатылды. Қала үйлерінің қабырғаларына муралдар салынды, балалар ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Контейнерлік алаңдарға қоршаулар орнатылып, қоқыс жәшіктері, жаңа аялдамалар сатып алынды.

Қаланың Бірлік және Теміржол көшелерінде жолдарға шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жаяу жүргіншілер өткелі, бағдаршамдар мен жол белгілері орнатылды. Қалаішілік бағыттарда жаңартылған қоғамдық көлік – үш автобус жолаушыларға қызмет көрсетуде.

Бұдан бөлек, биылғы жылдың соңына дейін Ілияс Есенберлин ескерткішіне ағымдағы жөндеу жүргізу, вокзал алдындағы алаңды абаттандыру және жаңа кинотеатрдың құрылысын бастау жоспарланған.