Биылғы жылдың басынан бері Ақмола облысында 157 миллиард теңгеге мал шаруашылығы өнімі өндірілді. Ет бағытындағы бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында мемлекет айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жаңа несиелік өнімдерді енгізді.
Атбасар ауданына қарасты Шуйское ауылында бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған жаңа несиелендіру бағдарламалары таныстырылған семинар-кеңес өтті. Бұл елді мекен – еліміздегі ең серпінді дамып келе жатқан ауылдардың бірі. Оның келбеті, абаттандырылуы мен тұрмыс сапасы ауыл шаруашылығы саласының өкілдері өндіріс қана емес, инфрақұрылым мен ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға да қаржы салып, әлеуметтік жауапкершілікті нақты іспен көрсетіп отырғанының жарқын мысалы.
Іс-шараны ашқан облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола өңірі елімізде ет өнімдерін өндіру бойынша алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Бүгінде облыс республикадағы мал шаруашылығы өнімінің 10 пайызын, құс етінің 30 пайызын және жұмыртқаның 16 пайызын өндіреді. Сонымен қатар өңір елорда маңындағы азық-түлік белдеуі мәртебесін сақтап отыр. Мәселен, Астана қаласына жеткізілетін өнімнің 30 пайызы сүт пен ет, 80 пайызы тағамдық жұмыртқа және 40 пайыз ұн Ақмола облысына тиесілі.
«Бұл салада қол жеткізілген нәтижелер өңіріміздің жоғары әлеуетін айқын көрсетеді. Алайда одан әрі даму үшін жаңа тәсілдер мен тетіктер қажет. Үкімет жыл сайын агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың жаңа шараларын енгізуде. Шағын пайызбен берілетін несиелерге қолжетімділіктің артуы ірі және ұсақ мал басының көбеюіне ғана емес, еттің өнімділігі мен сапасын арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашады», – деді Марат Ахметжанов.
Семинар барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин де өңірдің мал шаруашылығы саласындағы жетістіктерін атап өтті.
«Ақмола облысы республикадағы агроөнеркәсіптің жүрегі. Мұнда тек егін шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығы да белсенді дамып келеді. Өңір Астананың азық-түлік белдеуіне кіреді, оның әлеуеті толықтай пайдаланылуы тиіс. Сондықтан өнімділікті ғана емес, ет және сүт бағытындағы шаруашылықтарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуі қажет», – деді Аманғали Бердалин.
Қазіргі таңда өңірде 46 ет фермасы жұмыс істеп тұр, оларда 2,5 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Сондай-ақ 30,5 мың басқа арналған 7 ірі бордақылау алаңы жұмыс істейді. Биыл мал шаруашылығын қолдау мақсатында жеңілдетілген қаржыландыру аясында 17 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат сүт-тауарлы ферманы кеңейтуге, Ерейментау ауданында бордақылау алаңын құруға, ет өнімдерін өңдеу жобаларын іске асыруға және басқа да бағыттарды қамтиды.
Өңірдегі мал шаруашылығын дамытудың табысты мысалдарының бірі – Зеренді ауданындағы ет кластері. Бұл кластердің орталығы Айдабол ауылындағы «MB-4» ЖШС ет комбинаты болмақ. Жобаға шамамен 450 миллион теңге бөлініп отыр. Кәсіпорын сапалы жергілікті шикізатқа сұранысты арттырып, мал өсірушілерге ветеринарлық және зоотехникалық қолдау көрсетуге дайын. Сонымен қатар, серіктестерге жоғары сатып алу бағасын ұсынуда.
Бұдан бөлек, жеңілдетілген несиелендіру тетіктерінің арқасында 2023 жылы облыста жалпы сомасы 15 миллиард теңгені құрайтын мал шаруашылығы саласындағы 7 жоба жүзеге асырыла бастады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Ахметжанов мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары мал шаруашылығы мен қайта өңдеу саласының дамуына тың серпін беретінін, өндіріс тиімділігі мен отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашатынын атап өтті.