Степногорск қаласында жылу магистральдерінің тозуы 68%-ға дейін төмендеді

Степногорск қаласында жылу магистральдерінің тозуы 68%-ға дейін төмендеді

Степногорск қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда. Бүгін облыс әкімі Марат Ахметжанов халықпен есептік кездесу барысында жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар, өңір басшысы жұмыс сапары аясында жылу және су құбырларының жөндеу жұмыстарымен, сондай-ақ қаланың қысқы маусымға дайындығымен танысты.

Өңір басшысының айтуынша, жүйелі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қысқа уақыт ішінде магистральдардың тозуы төмендеп, көптеген жылдардан бері алғаш рет жылыту маусымы апатсыз өткен. Бұған дейін Степногорск қаласындағы жылу желілерінің тозуы 81%-ға жетіп, бұл жылыту маусымында жиі апаттарға әкеп соқты. Өткен жылы Үкіметтің қолдауымен қалаға 2,6 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат жеті шақырым магистральдық құбырларды жөндеуге бағытталды. Нәтижесінде тозу деңгейі 68%-ға дейін төмендеді. Биыл ЖЭО-нан қалаға дейінгі 12,5 км магистральдық құбыр жөнделуде. Бүгінде ескі құбырлардың барлығы алынып тасталып, үш шақырымнан астам жаңа құбыр төселді. Сонымен қатар, жылу көзін жөндеуге кәсіпорын иесі тарапынан 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бюджеттік инвестициялардан бөлек, Степногорск ЖЭО өз қаражаты есебінен қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, станция жабдықтарын жаңартып жатыр.

Марат Ахметжанов энергетика саласына кадр даярлаудың маңыздылығына жеке тоқталды. Осы мақсатта облыс әкімінің 10 гранты Алматы энергетика институты мен Еуразия институтында білім алатын студенттерге бөлінеді.

«Жас мамандарды даярлау — бұл стратегиялық қадам. Біз болашақта жылу энергетикасының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін кадрлық резервті алдын ала дайындауымыз керек», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, әкім акимат, ЖЭО және тұрғын үй қорын басқару органдарының бірлесіп ішкі үй жүйелерін қысыммен тексеру және жуып-шаю жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Қала әкімдігіне жөндеу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды және ТҮКШ мен жол инфрақұрылымы бөлімінің қызметін екі жеке бөлімге бөлуді ұсынды.