Бестөбе ауылындағы мектеп пен спорт нысандары: Ақмола облысының әкімі құрылысты уақытында аяқтауды тапсырды

Бестөбе ауылындағы мектеп пен спорт нысандары:  Ақмола облысының әкімі құрылысты уақытында аяқтауды тапсырды

Ақмола облысында сапалы білім беруге және спортты дамытуға жағдай жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы бір жылда өңірде балалар мен жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Соның жарқын мысалы – Степногорск қаласында салынатын заманауи мектептер мен спорт кешендері. Облыс әкімі Марат Ахметжанов бірқатар құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

Өңірлік саясаттың басты басымдықтарының бірі – балаларды тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы біліммен қамтамасыз ету. Облыс әкімі атап өткендей, аудан мен ауыл мектептерінің оқушылары да елорда мен ірі қалалардағыдай заманауи стандарттарға сай білім алуы тиіс.

Осы мақсатта Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Заманауи талаптарға сай бой көтерген білім ошағында оқу кабинеттері мен зертханалар, спорт залы, оқу-өндірістік шеберханалар, кітапхана, қажет жағдайда акт залы ретінде пайдаланылатын трансформер-сыныптар және 110 орындық асхана қарастырылған. Нысанды 1 қыркүйек – Білім күні пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол күні оқушылар алғаш рет жаңа мектеп табалдырығын аттамақ. Сапар барысында Марат Ахметжанов Бестөбе кентінің әкіміне балаларды олимпиадалар мен байқауларға тасымалдау үшін шағын автобус сыйға тартты.

Ақмола облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышевтің айтуынша, мектеп құрылысы аяқталу сатысында тұр: қазір технологиялық жабдықтарды орнату, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жалпы алаңы 6,6 мың шаршы метрден асады.

Бестөбеде екі ірі спорт жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – жалпы ауданы 209 шаршы метр болатын ашық спорт кешені. 148 адамға шақталған нысанда футбол алаңы, жүгіру жолы және воркаут алаңы қарастырылған. «ГрадСтройСервис» ЖШС мердігер ұйымының мәліметінше, құрылыс биылғы жылдың 1 қазанына дейін толық аяқталады.

Ал екінші спорт нысанының құрылысы облыс әкімі тарапынан сынға ұшырады.

«Бұл нысанға бірнеше рет келдік, мердігермен кездесіп, мерзімді, жұмысты жеделдетудің маңыздылығын талқыладық. Алайда әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Қысқа уақыт ішінде біз ауқымды жобаларды іске асырып отырмыз, ал мұнда берілген уәделерге қарамастан, жұмыс ілгерілемей тұр. Қажет болса, біз көмек көрсетуге дайынбыз – қосымша мердігер тартуға, техника мен жұмыс күшін бөлуге әзірміз. Бірақ олай болмаса, шартты бұзып, компанияны жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізуге мәжбүр боламыз. Жобаға мүмкіндік беріледі, бірақ орындалуы қатаң бақылауда болады», – деді Марат Ахметжанов.

Әкім салаға жауапты басқарма басшыларына бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, құрылыс белгіленген бюджеттен және бекітілген мерзімнен ауытқымауы керектігін тапсырды.