Степногорк қаласында жаңа көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Спорт нысаны қала құраушы кәсіпорын – «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамының әлеуметтік жауапкершілігі негізінде салынып жатыр.
Болашақ спорт сарайының капсуласын салу рәсімінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жобаның қала дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
"Бүгін біз өңірде бұқаралық және балалар спортын дамыту бағытында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Бұл – жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан ірі жоба. Бизнес пен мемлекет халықтың өмір сапасын жақсарту жолында өзара күш біріктіріп, нақты нәтиже көрсете алатынының айқын үлгісі", – деді аймақ басшысы.
Өз сөзінде «АК Алтыналмас» АҚ басқарма төрағасы Баламир Маханов компания тарапынан әлеуметтік жауапкершілік аясында 1 000 орындық заманауи мектеп салу жоспарда бар екенін тілге тиек етті.
Жаңа спорт орталығының жалпы аумағы шамамен 6 мың шаршы метрді құрайды, құрылыс көлемі – 49 мың текше метрге жуық. Кешен төрт негізгі блоктан тұрады: 40 заманауи жаттығу құралымен жабдықталған тренажер залы, 30 адамға арналған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы бассейн, 320 көрерменге арналған әмбебап спорт залы, көркем гимнастика мен бокс залдары болады. Екінші қабатта үстел теннисі және күрес залы, сондай-ақ әкімшілік бөлмелер орналасады. Құрылыс 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Ғимарат айналасы абаттандырылып, автотұрақтар, жасыл аймақтар және ашық спорт алаңдары салынады. Бұл кешен қала тұрғындарына қолжетімді болып, салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың сүйікті орнына айналмақ.
"Біз, бас мердігер ретінде, жобаны сапалы әрі уақытында аяқтауға толық жауаптымыз. 2026 жылдың соңында Степногорк тұрғындары заманауи, халықаралық талаптарға сай спорт орталығын пайдаланады", – деді «TANSU Construction» компаниясының директоры Асель Самайева.
Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтетін алаңға айналады. Бұл Ақмола облысының еліміздегі алдыңғы қатарлы спорт өңірі ретіндегі мәртебесін арттырып, аймақтың спорт саңлақтары тәрбиеленген орда екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Солардың қатарында – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов, Владимир Сахнов, Николай Чеботько және Ирина Некрасова бар.
Айта кету керек, өңірде жыл сайын спорттық инфрақұрылым жүйелі түрде кеңейіп келеді. Өткен жылы 17 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.