Бұланды ауданында екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды

Бұланды ауданында екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды

Ақмола облысында ескі тұрғын үйлерді жаңартуға бағытталған реновация бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама елді мекендердегі ескі тұрғын үй қорын жаңартып, қалалардың келбетін өзгертіп, аула ішіндегі спорт және балалар алаңдарының санын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Щучинск қаласында жаңа жайлы үйлер пайдалануға берілді, Көкшетау, Макинск қалаларында және Аршалы ауылында құрылыс қызу жүріп жатыр.

Қазіргі таңда Бұланды ауданының орталығында екі жаңа көппәтерлі үйдің құрылысы қолға алынды. Жоба «KOKSHE» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Құрылыс аяқталған соң ескі үйлердің тұрғындары жаңа жайлы пәтерлерге көшіріледі. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға да баспана беріледі. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.

«Макинск қаласында реновация өте өзекті мәселе. Өйткені мұнда тозығы жеткен үйлер көп, көктемгі су тасқынынан кейін кейбір үйлер мүлде жарамсыз болып қалды. Сол себепті Макинскте заманауи талаптарға сай әрқайсысы 60 пәтерлік екі үй салу жөнінде шешім қабылданды. Мердігер компания жыл соңына дейін үйлерді тапсыруға міндеттелді», – деді аймақ басшысы.

Қазір құрылыс алаңына фундаменттік блоктар мен өзге де құрылыс материалдары жеткізіліп, іргетасы құйылып жатыр. Фундаменттік блоктарды орнату және қадаларды қағу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қазаншұңқыр қазу жұмысы толық аяқталды.

Нысанда 40-қа жуық маман мен 10 техника жұмылдырылған, құрылыс ілгерілеген сайын қосымша 10 жұмыс бригадасының келуі күтілуде.