Көкшетау қаласында қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және білім беру ұйымдарының желісін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында Быковский және Уәлиханов көшелерінде екі көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа үйлер 231 пәтерге есептелген және ескі апатты үйлердің тұрғындарын көшіруге арналған. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары мен абаттандыруды биылғы жылдың 3 тамызына дейін аяқтау жоспарланған.
Жобаны қаржыландыру инвесторлар мен мемлекеттік қоныстандыру қоры есебінен жүзеге асырылуда.
«KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиевтің айтуынша, жаңғырту бағдарламасын іске асыру заманауи және жайлы тұрғын үй кешендері арқылы қаланың келбетін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыс орталығында 588 орынға арналған «Білім-инновация лицейі» мектеп-интернатының құрылысы жүріп жатыр. Жоба білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысы есебінен салынып жатыр. Нысанның жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Үш қабатты ғимаратта шалғай елді мекендерден келген оқушыларға арналған жатақхана да қарастырылған.
Ақмола облысы құрылыс және сәулет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышевтың айтуынша, мердігер ұйым ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарын және аумақты абаттандыруды аяқтауда. Нысанды 1 қыркүйекке дейін тапсыру жоспарланған, қаржыландыруда қиындық жоқ.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Бұл нысандар уақытында әрі сапалы салынуы тиіс. Өйткені олар тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп, облыс халқы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді Марат Ахметжанов.