Көкшетауда орталық саябақ пен бірқатар қоғамдық орындарды қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Облыс орталығында жаңа «Көкшалғын» аллеясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында Мәңгілік алау паркі, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы мен Сағдиев көшесі түбегейлі абаттандырылып, заманауи келбетке ие болады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қоғамдық кеңістіктерді жаңарту сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қажет екенін атап өтті:
«Барлық демалыс орындары мен қоғамдық алаңдар тарихи маңызын сақтай отырып, заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұнда жайлы жағдай жасалуы маңызды. Ол үшін заманауи шешімдер мен қала сәулетіне деген ұқыпты көзқарас қажет», — деді аймақ басшысы.
Жобаның басты мақсаты — қала орталығын жаңа жағалау аймағымен байланыстыратын біртұтас жасыл желекпен көмкерілген жаяу жүргінші аймағын қалыптастыру. Бұл аумақтарды біріктіру арқылы олардың экологиялық тұрақтылығы артып, тұрғындардың серуендеп, тынығуына қолайлы жағдай жасалады, сондай-ақ қаланың микроклиматы жақсарады.
Аталған жоба аясында 500-ден астам ағаш, 77 мыңнан аса көпжылдық бұта мен шамамен 3 мың гүл отырғызу жоспарланған. Сағдиев көшесі осы кеңістіктердің барлығын байланыстыратын негізгі желі болмақ.
Сонымен қатар аумақта жаңа субұрқақтар, беседкалар, фуд-корттар салынып, стритбол алаңы абаттандырылады, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, брусчатка төселеді, заманауи суару және су бұру жүйесі орнатылады. Жобаны халықаралық тәжірибесі бар сәулетші Роман Шнайдерман басқаратын «Envicon» архитектуралық-ландшафтық компаниясы іске асыруда.
Саябақ пен қоғамдық орындарды қайта жаңғырту жалпы аумағы 6 гектардан аса жерді қамтиды. Құрылыс жұмыстарына 350-ден астам маман мен 45 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жұмыстың 30 пайызы аяқталды.