Бұланды ауданында тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы басталды

Бұланды ауданында тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы басталды

Ақмола облысында тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Көкшетау, Щучинск, Аршалы қалаларында және Бұланды ауданының Макинск қаласында жаңа заманауи тұрғын үйлер бой көтеруде.

«Бүгінде аудан орталығында ескі және тозығы жеткен тұрғын үйлер саны аз емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жаңғырту бағдарламасының басты мақсаты – осындай үйлердің санын азайту», – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Макинск қаласында «Жаңғырту» бағдарламасы аясында 60 пәтерлік екі жаңа үйдің құрылысы басталды. Жобаға «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы атсалысуда.

Қазіргі уақытта жер учаскесінің құжаттары рәсімделіп, мердігер анықталған. Құрылыс алаңына іргетас блоктары жеткізіліп, іргетас құйылды. Іргетас блоктарын орнату және қада қағу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ қазаншұңқыр әзірлеу жұмысы аяқталды.

Нысанда шамамен 20 маман мен 5 техника жұмыс істеп жатыр, құрылыс барысына қарай тағы 10 құрылыс бригадасының қосулуы күтілуде.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, құрылысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.