Ақмола облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренованың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырысқа құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдардың басшылары, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ аудан және қала әкімдері қатысты.
Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың (адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, соққыға жығу, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар) алдын алу шаралары, оның ішінде мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы әрекет ету; көше мен қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың жай-күйі; өңірдегі жасөспірімдер қылмысы, кәмелетке толмағандар арасындағы алкоголизм, нашақорлық пен суицидтің алдын алу жолдары қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға профилактикалық жұмысты күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Әсіресе түнгі уақытта алкоголь өнімдерінің заңсыз саудасына және ойын-сауық орындарының қызметіне бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді. Мұндай нысандарда, әсіресе мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету, тәртіп бұзуды жүйелі түрде қайталайтын мекемелерге шара қолдану маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған мақсатты шараларды күшейту, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын нәтижелі жүргізу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Алтынай Әмренова қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасында азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және заңдарды сақтау маңызды қағида ретінде бекітілгенін атап өтті. Сонымен бірге «Зиялы қауым» бағдарламасының оң тәжірибесін кеңейту тапсырылды.
Жалпы, барлық меншік нысанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілеріне құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидасын ұстану міндеттелді.
Комиссия отырысы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кешенді шараларды күшейтуге және халық үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған шешімдер қабылдаумен аяқталды.