Қала күніне орай Қосшыда жаңа сквер салынады

Қала күніне орай Қосшыда жаңа сквер салынады

Қосшыда ұзындығы 2,2 шақырым, ені 20 метр болатын жаңа сквердің құрылысы басталды. Жаңа демалыс орны қала тұрғындары үшін көрікті орындардың біріне айналмақ.

Республика көшесінің шығыс беті Алтай көшесі мен Қарқаралы тас жолының аралығында абаттандырылып, қала құрылғанына төрт жыл толуына орай пайдалануға беріледі. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «СК Арнау Сервис» ЖШС-нің күшімен жүзеге асырылып жатыр.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қалаға жұмыс сапары барысында құрылыс барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын тексерді.

«Кейде жобаны әдемі етіп сызамыз, бірақ іске келгенде тас төсеу жұмыстары дұрыс орындалмай, түрлі кемшіліктер шығып жатады. Сондықтан асығыстық жұмыстың сапасына кері әсерін тигізбесін. Сквер мен саябақтар салуда тәжірибеміз бар: жуырда жаңа жағалау салынып, облыс орталығында «Көк шалғын» қоғамдық кеңістігін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Қосшы – Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған алғашқы қала. Қала тұрғындары да жайлы жағдайды сезініп, игілігін көруі тиіс. Бұл — қала күніне арналған сыйымыз», — деді өңір басшысы.

«Біздің жобамыз шығыс бөлікте — «Қосшы» жазуынан бастап 1600 метрді, ал батыс бөлікте 600 метрді абаттандыруды көздейді. Қазіргі таңда шығыс бөліктің топырағын тегістеп, енді батыс бөлікке өттік. Алдағы уақытта брусчатка төсеп, көгал егіп, шырша, үйеңкі, жөке ағаштарын отырғызамыз. Құрылысқа шамамен 20 арнайы техника жұмылдырылған», — деді «СК Арнау» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Жексембінов.

Сондай-ақ облыс әкімі «Сиреневый сад» тұрғын үй кешеніне барып, құрылыс барысын көрді. Қала күніне орай мұнда 10 жылдан астам уақыт бойы өз баспанасын күткен 103 үлескер көптен күткен пәтер кілттерін алады.